Weekend
«Алтын домбыра» айтысында финалға шыққандар анықталды
«Nur Otan» партиясының қолдауымен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен БҚО әкімдігі ұйымдастырған жылдың қорытынды сайысына барлығы 20 ақын қатысып, бақ сынады.
Алғашқы жұпта-ақ «Алтын домбыра» иегерлері, батысқазақстандық Жансая Мусина мен Нұр-Сұлтан қаласынан келген Жандарбек Бұлғақов сөз қағыстырды. Мұнда қазылар алқасының шешімімен Жансаяға 87 балл берілсе, Жандарбектің еншісіне 85 балл тиді.
Бұдан кейін Арқалықтан келген айтыстың ақтаңгері Айбек Қалиев тағы бір ардагер ақын, шығысқазақстандық Серік Құсанбаевтан басым түсті.
Нұр-Сұлтан қаласының өкілдері Әсем Ережеқызы мен Бекзат Асқаров өзара сынға түсті. Ең жоғары балдың (90) бірі Әсемге берілді.
Павлодарлық Аспанбек Шұғатаев пен алматылық Шұғайып Сезімхан айтыс көрігін айрықша қыздырды. Мұнда Аспанбектің бағы жанды.
Тараздық, қазір Алматыда тұратын Қанат Мырзахан Ақтөбеге тұрмысқа шығып, осы өңірдің намысын қорғаған жерлес қарындасы Аруна Керімбекпен айтысты. Қазылар басымдықты Қанатқа берді.
Қарағандылық Өміржан Көпбосынов та айтыстың жас жұлдызы, өскемендік Жұлдызай Маратбекқызымен сайысында ең жоғары балға қол жеткізді.
Қос құрдас, алматылық Қазірет Бердіхан мен түркістандық Біржан Байтуовтың айтысы өте қызу болды. Мұнда бір балл айырмашылығымен Қазірет жеңді.
Биылғы айтыстарда бағы жанып, рейтингте алда келе жатқандардың бірі, батысқазақстандық Талғат Мықиды ұтқан алматылық Рүстем Қайыртай да 90 балл алды.
Тағы бір батысқазақстандық Бауыржан Ширмединұлы мен қарағандылық Дидар Қамиевтің ұпайлары тең болды. Мұнда жеңіс Бауыржанның еншісінде кетті.
Сахнаға ең соңғы болып шыққан «Алтын домбыра» айтысының екі дүркін иегері, қызылордалық Мұхтар Ниязов атыраулық құрдасы Шалқарбай Ізбасаровпен айтысында нағыз бабында екендігін байқатты (90 балл).
Ақындар тәуелсіздік жолындағы бабалар күресі, елдік пен ерлікке қоса бүгінгі күннің өзекті мәселелерін барынша жырға қосты. Арасында жарасымды әзілдер, қағытпа қалжыңдар да болмай қалған жоқ.
Осылайша Жансая Мусина, Айбек Қалиев, Әсем Ережеқызы, Аспанбек Шұғатаев, Қанат Мырзахан, Өміржан Көпбосынов, Қазірет Бердіхан, Рүстем Қайыртай, Бауыржан Ширмединұлы және Мұхтар Ниязов финалға жолдама алды.
«Алтын домбыра» иегері мен жүлдегерлер 17 желтоқсан күні анықталады.