Weekend
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті саябағы
Саябақ жобасын жетілдіру барысында халықтың таза ауада демалуы үшін жайлы жағдай жасау мақсатында ұйымдастырылған табиғи және жасанды сәулет-инженерлік құрылыстардың жиынтығын қамтитын жасыл көшеттер жүйесін құру принциптері негізге алынған. Ол Алматы қаласының Бостандық ауданында, Науаи көшесі мен Әл-Фараби даңғылының қиылысында орналасқан.
Дендросаябақтың жалпы ауданы – 73 га. Саябақ құрылысы 2001 жылы басталған. Сол жылдан бастап негізгі жобалық элементтер, яғни саяжолдар, көшелер мен дендрологиялық учаскелері құрылған, дендрологиялық жобасы бойынша жасыл көшеттер отырғызылған. Алғашқы ағаштардың бірін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2001 жылы өзі отырғызған. Саябақ 2010 жылдың шілдесінен бастап жұмыс жасайды. Сол уақыттан бастап Алматы қаласы бойынша ең ірі бас субұрқақ жұмыс істейді. Оның сыйымдылығы 2820 кубты құрайды.
Субұрқақтың жоғарғы жағында 2011 жылы 11 қарашада Республика тәуелсіздігінің 20 жылдығына орайластырылып «Қазақстан» атты монументалды-мүсінді композиция орнатылды. Композиция қола, гранит және мәрмәрден салынған бүркіт түрінде дайындалып, ортасына Тұңғыш Президенттің мүсіні орнатылған. Бүркіттің қанаттарында Алматы мен Астана қалаларының нышандары және Қазақстанның көптеген басты сәулет пен тарихи нысандарының үлгілері бейнеленген.