Weekend
«Тәуелсіздікті сақтап қалу оны алудан да қиын» (Н.Ә.Назарбаев)
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.comКөгінде көк байрағы желбіреген Қазақстан - айбыны асқақ, тұғыры биік тәуелсіз ел. «Тәуелсіздік» деген құдіретті сөз кеудеңе қуаныш отын ұялатады, жаныңа көктемнің шуағындай жылулық сыйлайды. Себебі ол-мағынасы терең киелі де құдіретті ұғым. Сұрапыл соғыстар мен күрестердің нәтижесінде орнаған тәуелсіздік-талай ғасырлар бойғы еңбек пен талпыныстың тәтті жемісі, баға жетпес байлық, басымызға қонған бақ құсы.
Өміршең, жаны жайсаң халқымыздың тамыры терең тарихына көз жүгіртсек, тар жол, тайғақ кешулер аз болмады. Қазақ хандығының шаңырағын биік ұстаған көреген хандар да, қара қылды қақ жарған әділдігімен танылған билеріміз де, жұртына деген сүйіспеншілігінің жыршысы болған батыр жыраулар да, халқының қорғаны бола білген ержүрек ерлеріміз, Алаш қайраткерлері-барлығы да туған елінің тәуелсіздігі мен бақыты үшін өз өмірлерін арнады. Осыдан-ақ, тәуелсіздіктің мемлекет үшін маңыздылығы мен құндылығын аңғаруға болады. Тәуелсіз, дербес елдің ұрпақтары ғана жаны тыныштықта мамыражай, бақытты күй кешеді.
Өзінің асқан ақылдылығы арқасында өз ортасында тым ерте танылып, әділдігімен «Бала би»атанған Сырым Датұлының ұлт-азаттық көтерілісі оның жанкештілігі мен ерлігін танытты. Елі десе етегі жасқа толатын
Махамбет Өтемісұлы «қара қазан, сары бала» қамы үшін отқа да, суға да түсті. Мақтан етер тарихи тұлғаларымыздың ізін жалғаған, кешегі өткен Желтоқсан оқиғасында тәуелсіздік пен бостандық жолында өздерін құрбан еткен, жастай қыршыңан қиылған азаматтарымыз біршама. Желтоқсан көтерілісі құрбандарының қатарында Е.Сыпатаев, С.Мұхаметжанова, К.Молданазарова, Қ.Рысқұлбеков, М.Әбдіқұлов, Л.Асанова сынды ержүрек қазақ жастары бар.
Күнәдан таза басым бар,
Жиырма бірде жасым бар,
Қасқалдақтай қаным бар,
Бозторғайдай жаным бар.
Алам десең, алыңдар.
Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар,
Еркек тоқты құрбандық.
Атам десең атыңдар,-деген жалынды жолдардың иесі Қайрат Рысқұлбековтың көрсеткен ерлігі, қажымас қайраты мен қайсарлығы бүгінгі күннің азаматтарына үлгі.
Бүгінгі арайлап атқан бейбітшілік таңында бақытты ғұмыр кешудеміз. Солтүстікте бой көтерген астанамыз күннен-күнге гүлденіп дамуда. Желбіреген көк туымыз, қанатты қос пырақ бейнеленген шаңырағымыз, еліміздің егемендігін жырлайтын әнұранымыз-тәуелсіздігіміздің нышандары. Еліміздегі балалардың бал дәурен балғын шағы да ойын-күлкімен, шаттықта өтуде. Баршамыздың да жанымыз тыныштықта, көңіліміз тоқ. Өз өмірімізде не нәрсені дұрыс деп тапсақ, өз қалауымызбен жүзеге асырамыз, таңдау жасаймыз. Себебі, біз- тәуелсіз елдің ұландарымыз. Мемлекетіміздің тәуелсіздігі-оның әр азаматының бақыты.
Егемендік – бұл елімнің елдігі,
Егемендік – барлық ұлттың теңдігі.
Егемендік – елін, жерін қорғаған,
Ербол менен Қайраттардың ерлігі.
Шынында, тәуелсіздік-мемлекеттің гүлденуінің, шарықтап дамуының негізгі тірегі. Ал кемеңгер елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтпақшы: «Тәуелсіздікті сақтап қалу, оны алудан да қиын». Егеменді елімізде емін-еркін тұрып жатырмыз,қиын-қыстау күндердің барлығы артта қалды. Сол себептен, ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен ата-бабаларымыз сақтап қалған жерді, қол жеткізген тұғыры биік тәуелсіздігімізді келешек ұрпаққа да аманат етуіміз керек. Себебі, тәуелсіздік-ел бақыты. Бейбіт заман мен еліміздің егемендігі мәңгі жасасын!
Мемлекеттік сатып алу бойынша
8 705 324 11 61