Weekend
Қос кітаптың тұсаукесері
Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалды мұражайында Жетісулық ақын Гүлбақыт Қасеннің «Күн-тұмар», қырғыз елінің жас ақыны Перизат Алмасқызының «Ай-тұмар» атты кітаптарының таныстырылымы өтті.
Бұл күн – бауырлас, тағдырлас, тілдес, ділдес қазақ-қырғыз халқы үшін тарихи күн. Ақындардың өзгелерден ерекше бұл кітабында Гүлбақыт Қасеннің өлеңдері қырғыз тілінде жарияланса, Перизат Алмасқызының өлеңдері қазақ оқырмандарына жол тартты.
Гүлбақыт Қасен мен Перизат Алмасқызының «tween book» үлгісінде жасалған егіз кітаптың тұсауын ел ағалары – жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы, ақын Заида Елғондинова, жазушы, журналист Жұмабай Шаштайұлы кесіп, аға буын өкілдері ақ тілегін жолдап, баталарын берді.
Жамбыл ауылының оқушылары әпкелі-сіңілі ақындардың өлеңдерін мәнерлеп оқыса, жас әнші Есбол Шыныбек Жамбыл Жабаевтың «Төгейін жырды халқыма» атты термесі мен Сәкен Сейфулиннің «Тау ішінде» әнін домбырасын күмбірлете, құйқылжыта орындады. Гүлбақыт Қасеннің әріптестері – Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінің бас инспекторы Сағыныш Сабыржан, Алматы облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мәрлен Қапашұлы, бөлім басшысы Төлеужан Нүсіпжанұлы сынды азаматтар қос ақынды қуаныштарымен құттықтап, Жамбыл атындағы жасөспірімдерге арналған кітапхана директоры Ғазиза Құдайберген кітапхананың гүлденуіне қосқан үлестері үшін алғысын білдірді.
Ақын қыздар жиналған қауымға бір-бірлерінің өлеңдерін оқып, кітаптың тақырыбы мен шығу тарихы жайында оқырмандармен бөлісті. Зиялы қауым өкілдері қазақ пен қырғыз халқының тарихы мен әдебиетіне тоқталып, М.Әуезов, Ш. Уәлиханов, Ш.Айтматов, Ж.Жабаев, А. Құнанбаев, К.Әзірбаев сынды әдебиет пен өнер алыптарын еске алып, жаңа заман әдебиетінің дамуына тілектес болды. Әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Саят Медеуов Кенен Әзірбаевтың «Көк шолақ» және «Бұлбұлға» атты әндерін орындап, көпшіліктің көңілін серпілтті. Жиын соңында Жамбыл Жабаевтың шәкірті Үмбетәлі ақынның немересі Әуелбек Ысқақов Үмбетәлінің Жамбылға арнаған жырынан тарту етіп, киелі де қасиетті Жамбыл Жабаев мұражайына келгенін зор қуанышпен жеткізді. Әдебиетке құштар кеш қонақтары естелікке суретке түсіп, тарағысы келмей, қимай-қимай қоштасты.
Ақын қыздардың шығармашылық достығы М.Әуезов пен Ш.Айтматов сынды қаламгерлердің мәдени, әдеби қарым-қатынасының жалғасы болып, екі елдің арасын байланыстырып, достықтарынының тамырын тереңге жаюына жол ашатынына кәміл сенімдімін. Әдебиеттегі қаламгерлердің жиі бас сұға бермейтін аударма ісін дамытып, қазақ-қырғыз ақындарының шығармашылығын оқырмандарға ұсынып жүрген жас ақындардың игі істері жалғаса берсін, шығармашылығы дами түссін деген ниеттеміз.
Айсұлу Съезхан
Абай атындағы орта мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы