Саясат
TurkStream газ құбыры төңірегіндегі дау
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған келесі жылдан бастап ресей газын Түркияға, әрі қарай оңтүстік және оңтүстік-шығыс Еуропаға жеткізетін «TurkStream» құбырына санкциялар салу туралы АҚШ-тың қорқытуына қарсы шықты, деп хабарлады «RT.COM» ақпараттық агенттігі.
- Енді олар (АҚШ) TurkStream-ге санкциялар саламыз дейді, бұл біздің құқығымызды толығымен бұзу, - деді Ердоған Малайзияда журналистерге берген сұхбатында.
Ердоған "АҚШ егер санкция салатын болса, одан кек қайтаратынын" де айта кеткен.
TurkStream жобасы 2014 жылы Болгория ресей газын Еуропаның оңтүстігіне жеткізу үшін салған құбырына АҚШ қысым көрсетіп жауып тастаған кезде қолға алынған жоба болатын.
TurkStream - Ресейден Қара теңіздің түбі арқылы Түркияның Еуропалық бөлігіне өтетін және өткізу қабілеті 31,5 миллиард текше метр болатын қос құбыр. Құбырдың ресми іске қосылуы 8 қаңтар, Ресей президенті Владимир Путин Түркияға Ердоғанмен кездесуге келетін уақытқа жоспарланған.
Естеріңізге салсақ, осы аптаның басында АҚШ Сенаты 2020-шы жылға арналған «Қорғаныс саласындағы рұқсат туралы» заңын қабылдаған болатын. Заңда TurkStream жобасы үшін құбыр тартуға қатысқан кемелерге санкциялар салу және Ресейден Германияға дейін «Солтүстік Стрим 2» газ құбырын аяқтау үшін жұмыс істеп жатқан компанияларға жаза қарастырылған. Қазіргі уақытта заң жобасы Ақ үйге жіберілуде, ал президент Дональд Трамп Ақ үйде аталған заң жобасына қол қоймақ.
Сондай-ақ,бұл заң жобасы Түркияға Ресейдің S-400 әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесін сатып алғаны үшін санкция салып, Түркияға F-35 ұшағын беруге тыйым салуды көздейді. Осы сұрақтарға түсінік бере отырып, түрік басшысы бұл тақырыптың «аяқталғанын» айтты және Анкараны «рулық мемлекет» ретінде қарастырмау керек деп ескертті.