Саясат
Саяси ойын
Ақ Жайық аймақтық басылымының хабарлауынша, Атырау облысында кiрiс департаментiнiң басшысы «пара алды» деген күдiкке iлiніп отыр.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл агенттiгi мәлiметіне қарағанда, ол облыстық кiрiс департаментi жанама салықтар әкiмшiлiгi басқармасының басшысынан талап еткен 10 мың доллар параның 3 мың долларын алған деген күдiкке iлiніп отыр.
Отандық сайттардың бірінде жарияланған хабарда «аталған департамент басшысының орынбасары Құрманғали Тасмағамбетов те тергеуге алынған. Ол облыстық Кiрiс департаментi басшысының орынбасары қызметіне мамыр айында ғана тағайындалған» делінген.
Бүгінгі таңда жемқорлық бойынша қылмыстық iс қозғалған. Құрманғали Тасмағамбетов жақында ғана ұзақ жылдар бойы мемлекеттік қызметте болып, зейнетке шыққан белгілі шенеунік Иманғали Тасмағамбетовтың інісі.
Құрманғали Тасмағамбетов туралы дерек ғаламторда тым қат. Ол 1959 жылы 12 маусымда Гурьев облысы, Махамбет ауданында туған. 1984 жылы Гурьев педагогикалық институтын, 2001 жылы Атырау мұнай-газ институтын бітірген. Еңбек өтілін Махамбет ауданында мектепаралық оқу-өндірістік комбинатында бастаған (1986-1988). Махамбет сырттай-кешкі мектебінің директоры (1988-1991); Махамбет оқу-өндірістік комбинатының шебері (1991-1992); «МұнайТрединг» өкілі (1997); энергоресурсты бақылау бөлімінің басшысы, Атырау облыстық ТШ басшысының орынбасары (1998-2002); Атырау облыстық кедендік бақылау департаментінің басшысы (06.2002-012008); Ақтөбе облыстық кедендік бақылау департаменті басшысы (01.2008-01.2010); Атырау облыстық кедендік бақылау департаментінің басшысы (01.2010-2014); Маңғыстау облыстық кедендік бақылау департаменті басшысының орынбасары (11.2014-05.2019). Биылғы жылдың мамыр айында Атырау облысына қайта келіп, мемкіріс департаменті басшысының орынбасы болып тағайындалған.