Weekend

«Skadi»: Таудағы демалыс уақытын қалай тиімді өткізуге болады?

Жалға беру орталықтары жайлы не білеміз?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Адам баласының ағзасы қай кезде де пайдалы демалысты қажетсінеді. Соның ішінде таудағы демалыстың адамға тигізер пайдасын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Таза ауа, табиғат құшағындағы сіз, адреналин, жаңа таныстық. Таудағы демалыстан осылардың барлығын алуға болады. Әркім пайдалы демалыс дегенді әртүрлі түсінеді. Ал біздің келесі кейіпкеріміз пайдалы уақыт өткізуді тауда демалумен байланыстырады. Назарларыңызға Бақберген Бақжанұлымен болған сұқбатты ұсынамыз.

Жоба туралы толықтай айтып өтсеңіз. Қашан, қалай бастау алды? Немен айналысасыздар?

«Skadi» 2016 жылдан бері жұмыс жасайды. Пайда болу тарихына көз жүгіртсек. Алғашқыда өзім де тауға барып жүретінмін. Сол кездері керек құрал-жабдықтарды бір жерден жалға алатынмын. Уақыт өте өзім сатып алдым. Кейін оларды менен достарым сұрай бастады. Мысалыға олар менен бір маусымда 10-15 рет алды. Содан кейін ғана жалға беретін «орталық» ашу деген ой келді. Содан бері жұмыс жасап келеміз. Қазіргі таңда Алматыда бірнеше жерде біздің орталық бар. (Олар: Евразия кешенінде, Абай 30, Абай 44, Достық 85). Жаз мезгілінде тауға арналған шатыр барлық құралымен, велосипед, электрлі самокат, ұйықтайтын төсек береміз. Ал қыста тауда демалуға арналған сноубордтан бастап, көзілдірігіне дейін ұсынамыз.

Сіздердің халыққа беріп жатқан мүмкіндіктеріңіз қандай?

Біздің қазақтар үшін беріп жатқан мүмкіндігіміз - қымбат демалыс түрін арзан бағада ұсыну. Егер кез келген адам қажетті дүниелерді Шымбұлақтың өзінен жалға алатын болса, кем дегенде 20 000 теңге төлейді. Ал сапа жағына келетін болсақ... Олардың беретін құралдары кәсіби мамандарға арналғандықтан, біздікіне қарағанда сапалырақ болады. Бірақ біздің құралдар қарапайым адамдар үшін тауда демалғанға жарамды. Олардың айырмашылығын кәсібилер ғана сезіне алады. Яғни, біздікі қарапайым халыққа арналған.

Орталықтың миссиясына тоқталсаңыз. Жалға берудегі мақсаттарыңыз не?

Біздің миссиямыз – дұрыс демалу альтирнативасын ұсыну. Негізі адам тауға шыққанда дұрыс демалғаннан бөлек ойы өзгереді, ой өрісі дамиды. Біздің ойымызша адам күнделікті тұрмыс тіршілігінен шығып отыруы қажет. Ұстанымымыз - «Телефонды таста, шық, демал!»

Сіздердегі артықшылық қандай? Тұтынушы неге сіздерді таңдауы керек?

Ең алдымен, біз ұсынған бағада. Жұмыс күндері 24-тен жоғары жастағы адамдарға 8 500 теңге болса, демалыс күндері бұл баға 11 000 теңге болады. Ал студенттерге 5 000 теңге. Бұған барлығы кіреді. Оның құрамында: сноуборд, шаңғы (ботинкасымен палкасы), күрткі, шалбар, шлем, арнайы қолғап және көзілдірік. Яғни сырғанап, тауда демалуға не керек, соның барлығын береміз. Бағадан бөлек, біз халыққа жаңа әрі сапалы киім мен құрал ұсынамыз. Сақтықта болу үшін міндетті түрде бахил береміз. Өзімізде киім құрғататын аппараттар мен оларды тазалайтындары бар. Ол жерде киімдегі микробтарды өлтіреді. Киімдер әрдайым құрғақ болады. Әрбір қолданылғаннан кейін киімдерді тазалап тұрамыз. Одан кейін сноуборд, шаңғыларға да күтім қажет. Яғни оларды егеу керек дегендей. Барлығын өзіміз жақсы сапада сақтаймыз.

Орталықтың жастарға ұсынатын қандай жобалары бар?

Мектеп оқушыларына, студенттерге арналған әртүрлі жобаларымыз бар. Мысалы «Mountain kings» жобасы. Ол жерде топ жинап, көп адамдық сырғанау шараларын жасаймыз. Жастарды өзіміз алып барып, сол күнді ұйымдастырамыз. Бұл жоба қаламыздағы 11 университетте қамтылған. Олар: ҚазҰУ, СДУ, KIMEP, KBTU, АТУ, КазГАСА, Асфендияров т.б. Қыста тауға шығу болса, жазда көкке шығамыз. Тауда түнейміз дегендей.

Затты, соның ішінде сіздер ұсынған заттарды жалға алуда қандай тиімділік бар?

Егер кез келген адам бұларды сатып алатын болса, кем дегенде 300 000 теңгесін құртады. Орта есеппен бір адам бір маусымда тауға шаңғы, сноубордпен 3 рет барады. Алған затын шамамен 5 жыл пайдаланады. Сонда адам сатып алған құралдарын 15 рет қана қолданады. Бізде жалға алу сатып алғанға қарағанда бірнеше есе арзан.

Қалада сіздер секілді заттарды жалға беретін орталықтар көп. Бәсекеге деген қабілеттеріңіз қаншалықты жоғары?


Дұрыс айтасыз, қала бойынша біз секілді жалға беретін орталықтар жеткілікті. Үлкен бәсекелестеріміз де жоқ емес. Бірақ әркімнің өз аудиториясы бар. Өзіміз қазақ болғаннан кейін... Көбінесе қазақтармен жұмыс жасағымыз келеді. Осы саламен айналысып жатқан нарықтағы алғашқы қазақтармыз. Ұлтқа бөлуді дұрыс деп есептемеймін. Бірақ қазақтарға жақсы демалыстың қажет екенін әрі оның пайдалы екенін түсіндіргім келеді. Орыс тілді аудитория, орыстар тауда көп демалады. Ал мен қазақтардың да дәл солай демалғанын қалаймын.

Орталық неліктен «Skadi» деп аталады? Бұл сөздің мағынасын ашып айтсаңыз.

«Skadi» сөзі ертедегі грек халқының мифологиясынан туындаған. Бұл сөз жел, таудағы боран деген мағыналарда қолданылады. Скади - бағалы мұз тасы. Яғни, алмаз секілді мұздан жасалған тас.

Әңгімеңізге рақмет!