Саясат
Алматыда жастар жылы қорытындыланып, белсенді жастар марапатталды
Бұл форумда жастар жылы қорытындыланып, үздіктер марапатталды. «Алматы жастары – болашақ бастауы». Бұл – форумның ұраны болды. ҚазҰУ, АУЭС, КазАТК, КУПС, КБТУ және т.б. жоғары оқу орындарының студенттері белсенді жастарды қолдауға келді. Түркісіб, Наурызбай, Бостандық, Медеу, Әуезов, Алмалы, Алатау, Жетісу атты 8 ауданның белсенді жастарына арналған іс-шара жоғары деңгейде өтті. Үздік жастарға алғыс хат пен статуетка берілді. Қызыл, қызғылт, ақ, көк, сары футболка киген жастар жиылысқа сән берді. Бұл кеште АктАре, Эль Куадро, Muzart Life, Ә.Әбдіқадыр, А.Талаптанов, Шоу Ирины Кайратовны өз өнерлерін көрсетті.
Аталмыш жастар форумы Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаровтың сөзімен ашылды. Ол өз сөзінде: «Алматы – жаcтар қаласы. Бүгінгі күні мегаполистегі жастар саны 700 мыңға жуық. Яғни, қаланың әрбір үшінші тұрғыны – жас адам. Олардың 233 мыңы – студенттер. Жастар 39 жоғары оқу орны мен 80 колледждерде сапалы білім алуда. Достар, еліміздің болашағы біздің білімімізге, күш–жігерімізге және патриотизмге тікелей байланысты», – деді.
Сонымен қатар ол «Жастар – барлық елдің болашағы. Соңғы 10 жылда өмір қатты өзгерді. Әрі қарай да өзгере бермек. Жастар соған дайын болуы керек» деп, сөзін қорытындылады.
Ол қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың Алматыдағы су, жол, жарықты толықтай жөндеуді тапсырма ретінде бергенін де айтып өтті.
Бұл кеште Әуезов ауданы бойынша Динара Бактыбаева, Шалкар Кудайберген және Алтынай Муликова марапатталды.
Түркісіб ауданы – Эльдиназ Гусейнов, Акыл Ерболатулы, Рамазан Амантай.
Алмалы ауданы – Евгений Демиденко, Диана Малаева, Тлек Ерниязов.
Наурызбай ауданы – Есентай Ниязбаев, Алмас Маратулы, Әкежан Кенесов.
Алатау ауданы – Ninety One, Дана Садыкова, Камила Зейнолла.
Бостандық ауданы – Тимур Бегайдаров, Динара Ертарғынқызы, Нурсултан Беккаиров.
Жетісу ауданы – Багдат Ахметжанов, Куаныш Жылжаксынов.
Медеу ауданы – Аблай Кондыбаев, Ерлан Али, Багдат Анарбаева.
Марапаттау кешіне келе алмаған Ninety One тобы жастарға деген ыстық лебізін хат арқылы жолдады.
«Кез келген шығармашылық - әлеуметіміздің айнасы. Біз өзіміздің музыкамыз арқылы жастармен бір толқында болуға тырысамыз. Өз ісімізге шынайы махаббатпен, жауапкершілікті сезініп қараймыз. Бізге сенген адамдардың барлығына көп-көп рақмет. Осы қарқыннан таймай, мүмкіндіктердің кеңістігін жастар, яғни, сіздермен бірге тапқымыз келеді. Айналаға деген шынайы махаббат - ол біздің бақытымыздың кілті болып табылады. Барлықтарыңызды жақсы көреміз. Биік шыңдарда көріскенше», - дейді Ninety One тобының жастары.
Айсулу Ерниязованың айтуынша, жастар Волонтерлар Лигасына дайын. Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевқа жастардың атынан волонтер болып, игі іс атқарсын деген эстафета жолдады.