Саясат
Ауыр трагедия
Ашық дереккөздердегі қолжетімді ақпараттарға қарағанда, тәуелсіздік жылдары әуе апатынан 159 қазақстандық қаза тапқан. Мамандар салыстырмалы түрде әуе тасымалы транспорттың өзге жерүсті, су кемесі түрлеріне қарағанда анағұрлым қауіпсіз екенін айтады. Дегенмен қай тасымал жолы болсын, қауіпсіз әрі сенімді болғаны аса маңызды.
Былтыр Қазақстанда әуе транзиті арқылы 14 миллионға тарта жолаушы қатынаған. Қазіргі таңда елдегі әуе компаниялар саны 50-ден асқан.
- 1996 жыл «Charki Dadri» Дели қаласының әуежайына жақын жерде, әлемдегі аспандағы ұшақтардың соқтығысқан ең қайғылы оқиға орнады. Қазақстандық «Эйр Казахстан» компаниясының «Ил-76 ТД» мен Араб Әмірлігінің Saudi Arabian Airlines ұлттық компаниясының «Боинг-747» ұшақтарының соқтығысуының салдарынан 349 адам көз жұмды,оның 37-сі қазақстандық болған.
- 2001 жылы Леңгір қаласында «Ми-8 МТ» тікұшағы құлады. Бұл апаттан 1 адам қаза болған.
- 2004 жыы Ақтөбе облысы, Бозой елді мекені маңында «Araiavia» авиакомпаниясының Ан-2 ұшағы апатқа ұшырап, 1 адам қайтыс болды.
- 2006 жылы Қазақстанда Orlan 2000 авиакомпаниясының ауыл шаруашылығы мақсатында қолданылатын ұшағы апатқа ұшырап, 1 адам қайтыс болды.
- 2007 жылы Алматы әуежайында Jet Connection авиакомпаниясына тиесілі Challenger-CL604 ұшағы әуеге дұрыс бағытта көтеріле алмай, бетон қоршауға соқтығысып, өртеніп кеткен. 1 адам мерт болды.
- 2008 жылы Қызылорда облысында Ми-8 тікұшағы құлап, апат салдарынан 5 адам қайтыс болды. 13 адам әртүрлі дәрежеде жарақат алды.
- 2009 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында арнайы операцияға ұшып бара жатқан ҰҚК шекара қызметінің Ми-8 тікұшағы құлап, жалпы 10 адам, оның 4-еуі қазақстандық мерт болды. 3 адам жарақат алды.
- 2009 жылы шілдеде Иранның солтүстік-шығысында орын алған ұшақ апатынан 16 адам қаза тапқан экипаж мүшелерінің 9-ы Қазақстан азаматтары деп хабарланған.
- 2012 жыл. Астана аэродромында оқу-жаттығу жасауға ұшып шыққан қорғаныс министрлігінің Ми-17 тікұшағы апатқа ұшырап, 4 адам қаза тапты.
- 2012 жыл. Алматы облысының маңында Ми-8 тікұшағы апатқа ұшырап, 8 адам бір мезетте дүниеден өтті.
- 2012 жыл. Шымкент қаласы. Ан-27 ұшағының апатқа ұшырау салдарынан 27 адам көз жұмған.
- 2013 жыл. Алматы облысында SCAT авиакомпаниясының жолаушылар ұшағы қона алмай апатқа ұшырап, 21 адам қаза тапты. Елде қаралы күн жарияланды.
- 2015 жылы наурыздың 24-і Барселонадан Дюссельдорфқа ұшып бара жатқанда белгісіз себептермен Францияның оңтүстігіндегі таулы аймақта апатқа ұшыраған германиялық Germanwings әуе компаниясының A320 ұшағында 144 жолаушы мен экипаждың алты мүшесі болған. Жолаушылар қатарында болған 50 жастағы Ербол Иманқұлов, оның 49 жастағы әйелі Айжан Исенғалиева мен 26 жастағы ұлы Әділ Иманқұлов қаза тапқан.
- 2017 жылы 27 шілде таңертең Алматы облысы Панфилов ауданында жүгері алқабына дәрі сеуіп жүрген ЯК-12 ұшағы апатқа ұшырап, 2 адам (54 жастағы пилот Хамит Ақбергенов пен 39 жастағы кәсіпкер Масимжан Масимов ) қайтыс болған.
-2017 жылы 10 тамыз таңертең сағат 9:53-те Алматыдан 43 километр қашықтағы "Технам 2002" ұшағы оқу-жаттығу тапсырмасын орындау кезінде Азем аэродромына құлаған. Апаттан 2 адам, ұшқыш инструктор мен курсант қаза тапты.
-2017 жылы 24 тамызда Алматы облысының Балқаш ауданында екі кісілік ұшақ апатқа ұшырап, 1 адам қаза тапты.
-2017 жылы 4 қазанда Алматы облысында Ан-28 санитарлық авиация ұшағының апатынан 5 адам қаза тапты. Оның 4-еуі қазақстандық, біреуі қырғыз азаматы.
- Биыл 27 наурыз, сәрсенбі күні Ақтаудан Шымкентке ұшып бара жатқан Қазақстан қарулы күштерінің тікұшағы Қызылорда облысында апатқа ұшыраған. Әскери тікұшақта болған 13 адам түгел қаза тапты.
- Бүгін, желтоқсанның 27-сі таңертең сағат 7:22-де Bek Air ұшағы Алматы әуежайынан бір шақырым қашықтықта Талғар ауданына қарасты Гүлдала ауылындағы иесіз екі қабатты үйге құлаған. Соңғы мәліметтерге қарағанда, 15 жолаушы қаза тауып, 50-ден астамы ауруханаға жеткізілген.