Weekend
Студенттік шақ -ерекше тәтті шақ...
«Менің де қызым осы университетте оқитын болады» деді күлген күйі көліктің терезесінен көзін алмай, жәутеңдеп отырған 10 жасар қызын көрген әкесі. Сондағы әке үмітінің бала көңілі мен кішкентай қыздың пейілі бүгінде 17-ге аяқ басқан бойжеткен қыздың үлкен арманына айналған еді. Және ең бастысы бүгінгі күні сол кішкене ғана пейілден туған арман орындалып отыр...
Қазақ халқы – дүниежүзі халықтарының ішіндегі ең талантты, ең білімпаз, өнерсүйгіш, «әрнеге әсемпаз» ұлттардың бірі. Жүрек соғысы «қазақ өлеңі» деп соғатын, жаны «қазақтың жыры» десе үздігіп тұратын, қазақтың туы желбіресе, жүрегі лүпілдейтін, өнер десе, ішкен асын жерге қойып , жанұшыра жүгіретін жанның бірі - менмін. Болар мамандығымды алтыншы сыныпта оқып жұргенімде нық таңдап, сол жолда барынша жұмыс жасадым, еңбек еттім.
Менің түсінігім бойынша, кез келген адам өз ана тілінің дамып, көркеюіне кішкене болсын өз үлесін міндетті түрде қосуы тиіс. Алтын мектебімді «Алтын белгі» иегерімен аяқтап, Бірыңғай Ұлттық тестілеуден жоғары балл жинап, Алматы шаһарының төрінде орналасқан Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне құжаттарымды өткіздім. Біраз уақыттан соң қабылданғаным туралы хабарды көрдім. Университетке алғаш келіп, факультетке алғаш қадам басуым... Өз факультетімді таба алмай біраз жүрдім. Факультеттің алдында студенттер өте көп. Таныс бір адамды көріп қаламын ба деген оймен соңына дейін бір барып шықтым.
«Филология факультетінің студенттері алтыншы залға барыңыздар, жиналыс өтеді» деген хабарландыруды естіп, көпшілікпен бірге ілесіп, сонда бардым. Бара сала мамандықтарымыз бойынша жеке алып кетіп жатты. Студенттерді жинап, топқа бөлді. Осылайша универ қабырғасында алғашқы күнім зу етіп өтіп шыға келді. Мен үшін өз тобыма, өз ортама сіңісіп кету қиындық туғызбады. Бірден бәріміз бір-бірімізге үйренісіп, бұрыннан таныс апалы-сіңілідей қарым-қатынас орнаттық. Әр күніміз ерекше өтіп жатыр. Күн сайын біздерге арнап неше түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Бүгінде әсерім керемет, ғажап!
Түрлі ұйымдар мен әдеби клубтар қатарына кірдім. Ұстаздарымызбен жылы қатынас орнатып, сабаққа кірісіп кеттім. Менің керемет университетім құшақ жая, өте жылы қарсы алды... Студенттік өмір қалай дейсіз ғой?! Шынымды айтсам, ерекше. Мен үшін тым ерекше, қызық, көңілді. Студенттік өмір - жаңа ортаның болғандығымен, өмір атты кітапта жаңа беттің басталғандығымен, ата-атадан жырақ кетіп, өзінше өмір сүруіңмен, тіпті, сабақтың қиын болғандығымен де ерекше! Ойы озық, қаламы ұшқыр, тіл байлығы мол адам - нағыз білікті маман бола алады. Сол себепті мен өзімді дамытудан еш жалықпаймын, шаршамаймын, жаңа тәуекелдерге баруға еш қорықпаймын. Себебі бұл - мен таңдаған жол, менің өмірлік арманым.
Пауло Коэло «Арманның орындалуына тек бір ғана нәрсе кедергі, ол- сәтсіздік туралы қорқыныш, қалғандары себеп» деп айтқандай, әр адам қандай арман болмасын, сол арманға жету үшін айқын мақсат қоя біліп, өзіне сене білуі тиіс. Өскелең ұрпағының болашағына мол мүмкіндіктер жасап, жас ұрпаққа ерекше қолдау көрсететін Мәңгілік жасампаз елдің мен- Жанелясы, ертеңгі егемен елдің нағыз маманы, жұлдызы боларыма еш шүбәм жоқ! Себебі нағыз еңбек, талант, өнер- өрден ғана көрініп, төрден ғана орын алады!
Қадырқұлова Жанеля Ерболқызы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Филология және әдем тілдері факультеті