Саясат
Серікболсын Әбділдинмен қоштасу рәсімі Алматыдағы Жамбыл атындағы филармония ғимаратында өтті
Қаңтардың 3-і күні Алматыда Қазақстан жұртшылығы Жоғарғы кеңестің бұрынғы төрағасы, оппозициялық саясаткер, ғалым Серікболсын Әбділдинді ақтық сапарға шығарып салды. Жоғарғы кеңес таратылғаннан кейін Әбділдин ширек ғасырдан астам уақыт бойы оппозиция қатарында болды, Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын авторитарлы билік жүйесін ымырасыз сынаушылардың біріне айналды.
Серікболсын Әбділдинмен қоштасу рәсімі Алматыдағы Жамбыл атындағы филармония ғимаратында өтті. Бұған дейін әлеуметтік желіде саясаткермен қоштасу рәсімі Ғалымдар үйінде болады деп айтылған еді, кейінірек оның филармонияға ауыстырылғаны белгілі болды.
Әбділдин 31 желтоқсанда сағат 23:00-тен өте Алматы ауруханасында қайтыс болған.
Құқық қорғаушы Евгений Жовтис Серікболсын Әбділдинді 30 жылдан астам уақыттан бері білетінін, оның адал, парасатты саясаткер ретінде есінде қалғанын айтты.
- Серікболсын Әбділдин - саясаттың таза, адал бола алатынын көрсеткен санаулы тұлғалардың бірі. Адам кеудесін кермей, билік үшін өлгенше күресіп, таласпай-ақ, саясатпен айналыса алады. Әбділдин осыны дәлелдеген адам. Ол жаңа Қазақстанның тәуелсіздігі тарихының бастауында тұрған ірі тұлға. Парасатты адам, - деді Евгений Жовтис.
Жовтистің айтуынша, Әбділдин ауыл шаруашылығы саласында еңбек ете жүріп Қазақстан таңдаған аграрлық сектор мен жеке меншікке жер беру ақырында "нағыз латифундияға жол ашады" деп айтқан. "Айтқаны айнымай келді" дейді құқық қорғаушы.
Әбділдинді оппозиция белсенділері "билікке иілмей өткен қайсар, қайтпас адам болды" деп еске алады. Бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі және вице-премьер Балташ Тұрсымбаевтың айтуынша, Серікболсын Әбділдиннің 1993 жылғы демократиялық Конституцияның қабылдануына қосқан үлесі өте зор.
- Марқұм Серікболсын Әбділдин биліктің шынайы қарсыласы болды, ол тығырыққа апаратын жемқорлық жүйені әшкерелеп, биліктің шынайы бет-бейнесін ашып көрсетті, - дейді Балташ Тұрсымбаев.
Оның айтуынша, Әбділдиннің әріптестері биліктен қоштасу рәсімін Ғалымдар үйінде өткізуді сұраған, алайда билік жауабын кешіктіріп, ақырында бас тартқан. Осыдан кейін саясаткердің отбасы қоштасу рәсімін филармонияда өткізуге мәжбүр болған.
Белсенді Мұхтар Тайжанның пікірінше, Серікболсын Әбділдиннің есімі тарихта ықпалды Жоғарғы кеңесінің төрағасы және "принципшіл саясаткер" ретінде қалмақ.
- Құдайға шүкір, оның кітаптары сақталып қалды. Соңғы 30 жылдың тарихы әлі де жазылар. Серікболсын Әбділдин сияқты ірі тұлғалардың есімі тарихымызда мәңгі қалмақ, - деді Мұхтар Тайжан.
Серікболсын Әбділдин 1937 жылы 25 қарашада бұрынғы Семей облысы Ақсуат ауданы Қызылкесік ауылында дүниеге келген. 1967 жылдан бастап көп уақыт Қазақ ССР жоспарлау комитетінде жұмыс істеді, ауыл шаруашылығы министрлігінде басшы қызметтер атқарды, Қазақ ССР министрлер кеңесінің Мәскеудегі өкілі болды.
1990 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған Серікболсын Әбділдин кейін Жоғарғы Кеңес төрағасының орынбасары, ал 1991 жылдың қазанынан 1993 жылы Жоғарғы Кеңес таратылғанға дейін оның төрағасы болды. 1991 жылы 16 желтоқсанда қабылданған "Қазақстанның тәуелсіздігі туралы декларацияға" Жоғарғы Кеңес төрағасы Серікболсын Әбділдин қол қойған.
Қазақстанның саяси тарихын зерттеушілердің жазуынша, Әбділдин Жоғарғы Кеңесті басқарған кезде Қазақстан парламенттік-президенттік республика болған. Биліктен кеткен соң Қазақстан коммунистік партиясы төрағасы болып сайланған Әбділдин оппозициялық саясаткер ретінде танылды. Ол Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын авторитарлы билік жүйесін ымырасыз сынаушылардың бірі болды. 1999 жылы 10 қаңтарда кезектен тыс өткен президент сайлауына қатысты. Ресми қорытынды бойынша, сайлаушылардың 13 пайызы қолдау білдірген оппозициялық саясаткер екінші орын алды, бірақ Әбділдин "сайлау нәтижесі бұрмаланды" деп мәлімдеді.
1999 жылы күзде өткен парламент сайлауында Мәжіліс депутаты болып сайланған Серікболсын Әбділдин үкіметтің әлеуметтік-экономикалық саясатын сынап, атышулы "Қазақгейт" жанжалына қатысы бар жоғары лауазымды шенеуніктердің жемқорлығын әшкерелеуге атсалысты. Ол парламентте елде азаматтардың негізгі құқықтары мен бостандықтары бұзылып жатқанын мәлімдеп, билікті демократиялық реформа жасауға шақырды. 2003 жылы парламент үкіметтің талабы бойынша қабылдаған "Жер туралы" даулы заңға қарсы дауыс берді.
Қазақстан коммунистік партиясын 14 жылға жуық басқарған Серікболсын Әбділдин "бір лауазым, бір орынтаққа мәңгілік тырмысып отыруға болмайтынын" көрсеткісі келгенін айтып 2010 жылы орнын босатқаннан кейін ғылыми және оқытушылық қызметпен айналысты. 2015 жылы билік оппозициялық партияны түрлі себептермен жапты.