Саясат
Өзбекстан Еуразиялық Одаққа кіруі мүмкін
Өзбекстанның "Ұлттық жаңғыру" парламенттік партиясының басшысы Әлішер Қадыров Еуразиялық Экономикалық Одаққа кіру идеясын сынға алды. Ол бұл туралы өз ойын Kun.uz сайтына берген сұхбатында жеткізген.
- Тек шындықты айтайықшы, Еуразиялық Одақ экономикалық негізде құрылғанымен, оның астарында үлкен саясат бар. Бұл ешқандай да құпия емес. Былайша айтқанда, бұл екінші КСРО, тәуелсіздікті шектейді. Өзбекстан біреудің мүддесіне жұмыс істейтін ел емес. Біздің еліміз ең алдымен өз халқының және мемлекетінің мүддесін алға қояды, - деді Қадыров.
Сонымен қатар ол бұл одаққа кірудің жағымды тұстарын да атап өтті. Әсіресе, Ресейде жұмыс жасайтын өзбек мигранттарына жеңілдіктер мен мүмкіндіктер ашылатынын тілге тиек етті.
Өзбекстанның Еуразиялық Экономикалық Одаққа кіру мәселесі 2019 жылдың 2 қазанында көтерілген еді. Сол сәтте Ресей сенатының спикері В.Матвиенко Ташкентке барған сапарында Өзбекстанның одаққа кіру жоспарының барын мәлімдеген болатын.