Экономика

«Қазақстанның ең бай олигархы» кім?

«Томпайған қоржын»

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Forbes Kazakhstan  журналы 2019 жылдың ең табысты кәсіпкерін анықтады. Ол – белгілі миллиардер Владимир Ким.

Қазақстандағы мыс өндіруші алып кәсіпорын «KazakhmysHolding (ҚазақМыс Холдинг)» ЖШС президенті өткен жылдың қорытындысы бойынша, әлемде 424-ші, ал Қазақстанда бірінші орынды иеленген.

Басылымның персоналды сыйлығын әр жылдары экс-президент Назарбаевтың жақын жолдасы Болат Өтемұратов (2013 ж.), танымал қонақ үйлер желісі мен СОСО нысанының иесі Сержан Жұмашев (2014 ж.), «Астана Моторс», MEGA орталықтарына иелік ететін Нұрлан Смағұлов (2015 ж.), BI Group негізін қалаушы Айдын Рахымбаев (2016 ж.), Halyk банк басшысы, Қазақстанның бірінші президентінің күйеу баласы Тимур Құлыбаев (2017 ж.) және мұнай компаниялары мен оқу орындарымен танылған Серікжан Сейтжанов (2018 ж.) алып келген. Қазақстандық бизнес нарығының басты ойыншылары қатарына Бизнес саласы  мен  әкімшілік  басқару (МВА) докторы, техникалық  ғылымдар  кандидаты Ким мырза бүгін енген жоқ. Ол үш жылдан бері қазақстандық олигархтардың көшін бастап келеді.

Былтыр көктемде Forbes-тің америкалық нұсқасы бойынша, Amazon иесі Джефф Безос бастаған «2019 жылдың ең бай-дәулеттілері» тізімінде қазақстандықтар арасынын алғаш болып 4,5 миллиард доллар байлығымен бір жылдың ішінде 766-шы 424-ші орынға бір-ақ шыққан. «Әлемнің ең бай бесжүздігіне» енген «қазақстандық жыл үздігінің» жеке дәулеті 2018 жылы 1 миллиард долларға, ал былтыр (2019 ж.) 1,4 миллиард долларға өскен.

Ашық дерек көзіндегі ақпараттарға қарағанда, Қазақстанда жалпы қоры 16,4 миллиард долларды құрайтын 5 миллиардер бар. Басқа Орта Азия елдерінің бірде-бірінде долларлық миллиардер жоқ.

2019 жылы 12 мамырда жарияланған Қазақстандағы ең ауқатты кәсіпкерлері туралы басылым рейтингі: 

1.   Владимир Ким – $4,5 миллиард – 58 жаста

2.   Болат Өтемұратов – $3,4 миллиард – 61 жаста

3.   Тимур Құлыбаев – $3,1 миллиард – 52 жаста

4.   Динара Құлыбаева – $3,1 миллиард – 51 жаста

5.   Әлиджан Ибрагимов – $2,3 миллиард – 65 жаста  

Forbes.com сайтындағы қазақстандық бірінші миллиардердің профайлында Кимнің соңғы он жылдағы табысы көрсетілген:

2010 ж. – $3,7 миллиард

2011 ж. – $4,7 миллиард

2012 ж. – $3,5 миллиард

2013 ж. – $2,3 миллиард

2014 ж. – $1,7 миллиард

2015 ж. – $1,8 миллиард

2016 ж. – $1,5 миллиард

2017 ж. – $2,1 миллиард

2018 ж. – $3,1 миллиард

2019 ж. – $4,5 миллиардқа жеткен.

Қоғамда бай-манаптарға қатысты көзқарас та әртүрлі. Көпшілігі елдің бұрынғы президенті Назарбаевтың жақын туыстары мен достарының байығанын және оны жеке қатынасқа байланысты екенін айтады. Тіпті, қазақстандық олигархтарды «монополист-мафия» деп айыптайтындар да бар.