Экономика
Қымбатшылық
Кеше, қаңтардың 6-сы Жаңаөзенде бір топ азамат әкімдік ғимаратының алдына жиналып, сұйытылған газ бағасының қымбаттауына наразылық білдірді. Олар үкімет басшысы Асқар Мамин мен энергетика министрі Нұрлан Ноғаевтың елмен кездесіп жағдайды реттеуді талап етті.
Наразы топ ішінде газ сататын кәсіпкер-тұрғынның бірі Серік Бақтыбайұлы Азаттыққа «жыл басталысымен Жаңаөзенде газ бағасы 53-55 теңгеден 65 теңгеге көтерілгенін» жеткізген.
Аяқасты шарықтаған қымбатшылыққа көңілі толмайтын көпшілік қала әкімі Мақсат Ибағаров, Маңғыстау облыстық энергетика басқармасы бастығының орынбасары Бердібек Қартбаев пен «Қазақ газ өңдеу зауыты» мекемесінің директоры Нақберген Түлепов кездесті.
Жиын барысында көптің атынан сөйлеген 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасында зардап шеккен Нұрлыбек Нұрғалиев:
– Жаңаөзен тұрғындарының әлеуметтік жағдайы қиын. Оған мына газ қымбатшылығы қосылып, қалтаға ауыр тиіп жатыр. Мамин мен Ноғаевтың Жаңаөзенге келіп, осы мәселені тікелей реттеуін сұраймыз, себебі мұны облыс әкімі шеше алмайды. Ортадағы делдалдарды тыйсын, – деді.
Ал Жаңаөзен әкімі Марат Ибағаров кезекті қымбатшылықты «нарықтағы жағдай» деген. Ол Азаттық тілшісіне берген пікірінде «Кәсіпкерлер газ бағасын көтеріп отыр. Газдың қымбаттауы – нарықтағы жағдай. Біз энергетика министрлігімен ақылдасып, бұл мәселені қарастырып жатырмыз» деді. Ақпарат көздеріне қарағанда, аймақта газ бағасы жиі өзгереді. Наразылық күшейгенде уақытша арзандап, ал ел жайына тарқағанда қайта қымбаттап шыға келеді деседі тұрғындар.