Саясат
Мемлекет қаржысын жымқырды
Ташкенттің қылмыстық істер бойынша қалалық соты Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Кәрімовтың қызы Гүлнәр Кәрімоваға тағылған жаңа айыпқа байланысты сот тыңдалымы басталғанын хабарлады.
2019 жылдың тамызында Өзбекстан прокуратурасы Кәрімоваға мемлекет қаражатын жымқыру, республика мүддесіне қайшы келетін келісімдер жасау және бопсалау жолымен аса ірі көлемде біреудің меншігін иемдену бойынша айып таққан болатын. Атап айтар болсақ, Гүлнәр Кәрімова мемлекетке $165 млн және 86 млрд сом шығын келтірді деп айыпталды.
Ал Кәрімованың өзі 2015 жылы ақша бопсалап, салық төлеуден жалтарғаны үшін сотталып, 2017 жылы тағы бір айып тағылып, 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасы берілген еді.
Ал 6 қаңтар күні Өзбекстанның бас прокуратурасы Кәрімоваға ашылған мемлекет қаржысын талан-таражға салды деген айып бойынша тергеу жұмыстары аяқталғанын хабарлады.
- Бүгін Ташкент қалалық сотында Г.Кәрімова мен басқа да қылмысқа қатысты тұлғалардың ісі бойынша сот тыңдалымы басталды, - деп хабарлады Өзбекстанның Жоғарғы соты.
Қазіргі уақытта Өзбекстанның бас прокуратурасы АҚШ, Швейцария, Франция, Ресей мен Латвия елдерімен бірге жұмыс жасап, Кәрімова жымқырған $1,3 млрд қаржыны қайтаруға тырысып жатыр.
Өзбекстан Sputnik