Спорт

Михал Билек: Осындай үлкен клубтың тізгінін ұстағанымды мақтан тұтамын

Қазақстандық футболшыларға жақсы таныс чех маманы Михал Билек «Астана» футбол клубының бас бапкері қызметіне тағайындалды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақстанның алты дүркін чемпиондарының бас бапкері болып тағайындалған Михал алғаш сұхбатында беріп, өз әсерімен бөлісіп, жаңа қызметіндегі алға қойған міндеттері туралы айтып берді:

- Мен «Астана» сияқты үлкен клубтың тізгінін ұстағанымды мақтан тұрамын. Клуб басшылығына маған артқан сенімдері үшін алғыс білдіремін. Әрине, мен құрамадағы жұмысым барысында «Астананың» барлық ойындарын көрдім, соның ішінде еурокубок аясындағы кездесулерін де тамашаладым. Команда ел чемпионатында алты рет қатарынан топ жарып, жыл сайын Еуропа Лигасының топтық кезеңінде ойнау арқылы соңғы жылдары өте жоғары нәтиже көрсетіп келеді. 

- Клуб басшылығы қандай мақсаттар жүктеді? 

- Бұл тіпті талқыланған жоқ. «Астана» – ол өз алдына ең жоғары мақсат қоятын, яғни Чемпионатта топ жарып, Еурокубоктардың топтық кезеңіне шығуды көздейтін үлкен клуб. Біз сондай-ақ, Қазақстан Суперкубогын жеңіп, маусымды жақсы нотада бастағымыз келеді. 

- Жақын күндері Қазақстанның алты дүркін чемпиондары алғашқы оқу-жаттығу жиынына аттанады. Бұл жиынның басты мақсаты қандай болмақ? 

- Әрине, басты міндет – алдағы маусымға қажетті кондицияны жинап, дене дайындығының іргетасын қалыптастыру. Бірақ мен үшін, жаңа бас жаттықтырушы ретінде барлық футболшылардың мүмкіндіктерін көру өте маңызды болмақ. 

- «Астана» футбол клубы «Атлантик Кап» турнирінде бақ сынайды. Команда бұл турнирде жеңіске жетуді мақсат ете ме әлде бұл жай ғана жолдастық ойындар бола ма? 

- Біз бұл турнирде барынша құрамды жоғары деңгейде жасақтауға мән беретін боламыз. Футболшылардан кез келген бағамен жеңіс талап ету дұрыс емес. Дегенмен, біз кәсіби спортшы ретінде турнирдің маңыздылығына қарамастан, барлық кездесуде жеңіс үшін алаңға шығуымыз керек. «Астана» футболшыларында жеңімпаздың рухы бар екеніне өз басым сенімдімін. Сондықтан олар да жеңістен басқа, өзге нәтижені қарастырмайды деген ойдамын. 

- Сіз қазақстандық ойыншылардың мүмкіндіктерімен өте жақсы таныссыз. Осы орайда, олар алда көбірек ойын тәжірибесіне ие болады дей аласыз ба? 

- Кез келген ұжымда адал бәсекелестік болуы керек. Сондықтан, бұлай талдаудың реті жоқ. Мен футболшыларды легионерлер немесе қазақстандықтар деп бөлгім келмейді. Мен үшін олар тең. Кім мықты болса, сол алаңға шығады. Ал егер қазақстандықтар жақсы көрсеткішке ие болатын болса, әрине, мен оған қуанышты боларым анық. 

- Сіз «Астана» футбол клубын қабылдап үлгердіңіз. Алдағы уақытта Қазақстан құрамасындағы қызметіңізді одан әрі жалғастырасыз ба? 

- Мен Қазақстан Футбол Федерациясында ел құрамасымен жұмыс істеуді жалғастырамын. Құрамада менде барлық ақпаратты жинайтын білікті жаттықтырушылар штабы бар. Оған қоса, «Астана» сапындағы құрама ойыншылары мен кандидат футболшылардың психологиялық, әрі физикалық мүмкіндіктері маған жақсы таныс болары сөзсіз. Сондықтан, екі жақта жұмыс жасаудан ешқандай мәселе көріп тұрған жоқпын. Мен клуб пен Ұлттық құраманың игілігі үшін әрі қарай да еңбек етуге дайынмын.