Саясат

ІІМ: Армян, қырғыз, ресей нөмірін таққан көліктер елден қуылады

Уақытша тіркеу де құтқара алмайды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақстанда жүргеніне бір жылдан асып кеткен армян, қырғыз, ресей нөмірін таққан көліктер елден шығарылатын болады. Мұны Қазақстан Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті хабарлап отыр.

Колеса басылымының хабарлауынша, Ішкі істер министрлігі Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен енгізілген көліктерді тіркеуді заң жүзінде бекітті. Яғни, армян, қырғыз, ресей нөмірлі көліктер Қазақстанда бір жыл ғана емін-еркін жүре алады да, одан кейінгі жылы қазақстандық тіркеуге тұруына тура келеді.

-  «Жол қозғалысы туралы» Заңның 63-бабында Қазақстанда жүрген көліктердің барлығы тіркелуі тиіс деп көрсетілген. Тек «халықаралық жол қозғалысына» қатысушы көліктер ғана бір жылға дейін тіркеусіз қатынай алады. Ал 65-бабында Қазақстанда бір жыл бір ай бойы жүрген көліктің халықаралық жол қозғалысына қатысушы көлік мәртебесінен айырылатыны айтылған. Былайша айтқанда, шетелдік көлік айдап жүрген азаматтар Қазақстанда оны бір жыл 30 күннен артық айдай алмайды, - деп жазады Колеса.

 Ішкі істер министрлігі Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен енгізілген көлік бір жылдың ішінде қазақстандық тіркеуге қойылмаса, заңсыз жүрген көлік санатына енгізіліп, айыппұл тұрағына тоғытылатынын айтып отыр. Ал жүргізушіге 10 АЕК (26510 теңге) есебінде айыппұл салынады.

Қазіргі уақытта шекара қызметі Қазақстанға кірген шетелдік көліктердің нөмірін тіркеп жатыр. Ал оларды тәртіп сақшылары «Сергек», «Поток» камералары арқылы бақылауда ұстамақ.

- Енді армян, қырғыз, ресей нөмірін таққан көліктерді мініп жүрген азаматтардың алдында үш таңдау тұр: бірі – кедендік салықты төлеп, көлікті қазақстандық тіркеуге қою. Бұған сену қиын. Өйткені салық тым қымбат әрі енгізілген көліктердің басым көпшілігі экологиялық талаптары жағынан бірінші тіркеуден-ақ өте алмайды. Екіншісі – бір жылға толмай жатып көлікті өз еліне апарып, сонда бір ай бойы ұстап, кейін қайта айдап келу. Бірақ елден қуылған көліктермен бұлай істей алмайсыз. Үшіншісі – көлікті қайта өз еліне апарып сату, - дейді Колесаның мамандары.

Сақтандырушылардың мәліметіне қарағанда, қазіргі уақытта Қазақстанда жүрген 170 мыңға жуық көлік – шетелдік нөмірмен жүрген көліктер.  Ал кейбір деректерде 200 мыңға дейін жетеді.