Саясат
Қымбат портреттің қысқа карьерасы
Өзінің көзінше жеке портреті өңір кәсіпкерлерінің арасында ондаған миллион теңгеге аукционға түскен Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовты бүгін ҰҚК-нің Арыстан арнайы жасағы әкімдікте өтіп жатқан жиналыстың үстінен ұстап алып кеткен.
Бұл туралы хабарды отандық ақпарат құралдары әртүрлі дереккөздерге сүйене отырып таратты.
Сәрсенбідегі тосын ұстауды елдегі құқық қорғау органдары мен президент әкімшілігіндегі сенімді дереккөздер растаған.
Әзірге анық болған ақпар бойынша Бақауов пен оның көмекшісі сыбайлас жемқорлыққа қатысты күдікке ілінген. Қымбат портреттің кейіпкері мемлекеттік қызмет кезінде күтпеген жерден ұсталуы жөніндегі хабар әлеуметтік желіде де желдей тарап жатыр.
Тап қазіргі сәтте құқық қорғау органдары мен күштік құрылымдар әкімдік ғимаратын толық қоршап, бақылауға алған деседі. Сондай-ақ аймақ басшысының үйінде тінту жүріп жатқаны хабарланды.
Vласть интернет журналы таратқан мәліметке қарағанда, әкімнің орынбасары да ұсталған.
Болат Бақауов 2016 жылдың наурызында Павлодар облысының әкімі қызметіне кіріскен. Оған дейін 2014-2016 жылдары Павлодар қаласының әкімі, бұдан облыс аумағындағы Ақсу қаласы мен Качир ауданының әкімі болған.