Bugin

Петропавлде қазандықтан күйіп қалған машинист көз жұмды

Оқыс оқиға

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Осыдан он күн бұрын жұмыс барысында күйік шалып, ауыр халде ауруханаға жеткізілген Петропавлдағы №2 жылу-электр орталығының қазандық машинисі қаза болды. 

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Гүлнәр Сайлауқызының айтуынша, 42 жастағы ер адам орталықта 7 жыл жұмыс істеген. 7 қаңтар күні кәсіпорында қызып тұрған шоқтың үстіне құлаған оның денесінің 80 пайызы күйіп қалып, зардап шегуші емдеу мекемесіне жеткізілді. Жергілікті ауруханада интенсивті терапиядан өткен ол үш күннен соң туысқандарының өтінішімен Ресейдің Омбы қаласына емдеуге ауыстырылды. Өкінішке қарай, ресейлік дәрігерлер өмірі қыл үстінде тұрған науқастың жанын сақтап қала алмады. 

Аталмыш орталықтың бас инженерінің міндетін атқарушы Вадим Ягодин атап өткендей, жұмысшы қазандықтан күл шығару кезінде зардап шеккен. "Севказэнерго" акционерлік қоғамының мамандары науқасқа қажетті дәрі-дәрмек беру және қан жинау бойынша көмек көрсетті. Сондай-ақ, зардап шегушіні Омбыдағы күйік орталығына жеткізіп, ем-домынының ақысын төледі. Компания басшылығы марқұмды жерлеу шығындарын өз мойнына алды. 

Қазіргі таңда облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының мамандары аталған факті бойынша тергеу жұмыстарын жүргізуде.