Саясат

Түркістан облысы: Балалар ауруханасының бұрынғы бас дәрігеріне айып тағылды

Ақ халаттыға тағылған айып

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Түркістан облыстық балалар ауруханасын 2009 жылдан бері басқарып келген бас дәрігер Әнуарбек Маймақов қамауға алынды. Vera.kz аймақтық интернет басылымының дерегінше, санкцияны кеше Шымкент қаласының тергеу соты шығарған.

Үшінші мегаполистің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жүргізген сотқа дейінгі тергеу нәтижесі бойынша медицина ғылымдарының кандидатына 189-баптың 3 және 2-бөлігі негізінде, яғни, «сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленді» және «қаражат жымқырды» деген айып тағылып отыр.

- Әнуарбек Маймақов облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері қызметі барысында мекеме атынан екі адвокатпен келісімшарт жасап, олардың біріне 400 мың, екіншісіне 280 мың теңге төленген. Дегенмен адвокаттар ешқандай қызмет көрсетпеген. Қазір бұл іс бойынша тергеу жалғасуда, сондай-ақ ауруханада тексеріс пен ревизия жүріп жатыр, – дейді Маймақовтың адвокаты Сапар Әміров.

 

Маймақов екі айға үй қамауына алынды. Ал тағылған айыптар дәлелденсе, ол екі жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін көрінеді.

Uchet.kz контрагенттер ресурсында Түркістан облысы қоғамдық денсаулық басқармасының «Облыстық балалар ауруханасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы МКК ретінде тіркелген мекеменің 2009 жылы 19 ақпанда ашылғаны көрсетілген. Демек басы дауға қалған бас дәрігер мұнда «ардагер кадр». Төмендегі кестеде аурухананың базалық шығыны мен бюджет үлесінен бөлек әр жылдардағы салық алымдары берілген

 

Айтпақшы, бұл облыстық балалар ауруханасының бұрынғы бас дәрігерінің басында бірінші рет болып жатқан жағдай емес. 2017 жылы мекеме қызметкерлері бас дәрігердің үстінен прокуратураға жалақы мәселесіне туралы шағым түсірген. 

Ал былтыр қазан айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Шыңғыс Қабдула аурухана басшысы 38,5 миллион теңге көлемдегі бюджет қаржысын жымқырды деген күдікке іліккенін мәлімдеген болатын. Бұл кезде «аурухананың ғимараты мен оның техникалық қызмет көрсету деген сылтаумен еншілес кәсіпорындар арқылы қолма-қол түрде 38,5 миллион теңге бюджет қаражатын ұрлады» деп күдіктенген.