Weekend

Журналистер бюджет ашықтығы бойынша білімін жетілдірді

Қаржы сауаттылығы

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ақтауда қазақтілді журналистерге арналған «Мемлекеттік органдардың ашықтығын және есептілігін арттыру, идеяларды іздеу, ақпарат көздерімен жұмыс жасау» тақырыбында семинар-тренинг өтті. Оған Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарынан келген 15-ке жуық журналист пен қоғам белсендісі қатысты.

Семинарды АҚШ елшілігінің қолдауымен Маңғыстау облыстық Азаматтық Альянсы ұйымдастырды. Негізгі мақсаты – қазақтілді журналистердің әлеуетін арттыру арқылы жергілікті биліктің ашықтығы мен қоғамдық есептілігін нығайту.

Тренингтің алғашқы күнін «Zertteu research institute» қоғамдық қорының құрылтайшысы Шолпан Айтенова жүргізді. Ол мемлекет бюджеті мен қаржы саласындағы өзгерістерге сараптама жасауды, сондай-ақ бюджет ақпаратына қолжетімділікті, мемлекеттік сатып алу порталымен жұмыс істеу дағдыларын үйретті.

«2017 жылы Қазақстан бюджет айқындығы мен жемқорлық бойынша 53-орынға тұрақтанған. Ал 2018 жылы елде 2500 жемқорлық қылмысы жасалған. Сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін ел бюджетін бағамдап, қаржының қайда жұмсалғанына талдау жасай алатын БАҚ өкілдері мен халықтың болғаны дұрыс», - деді бюджет және қаржы саласының сарапшысы Шолпан Айтенова.

Осы ретте ол қазақтілді журналистерге бірнеше порталды таныстырды. Олардың қолжетімді әрі ақпарат алуда мүмкіндігінің мол екендігін тілге тиек етті.

«www.publicbudget.kz - Ашық бюджеттердің интерактивті картасы. Мектеп, балабақша, аурухана, емхана, жол бюджетіне бірыңғай платформада қол жеткізесіз. Өтініш беріп, оның орындалуын қадағалай аласыз. www.adilet.zan.kz - барлық кодекстер, заңдар, жарлықтар, халықаралық шарттар, қаулылар, нұсқаулар және бас да құжаттар бар. Сайтта сондай-ақ жергілікті деңгейде қабылданған нормативтік құқықтық актілер - мәслихаттардың, әкімдердің және әкімдіктердің шешімдері мен қаулылары да орналастырылған. www.goszakup.gov.kz - бұл мемлекеттік сатып алу порталы. Мұнда республикалық бюджеттен қай мекеме қанша көлемде қаржы ұтып алғанын, оны қандай мақсатпен алғанын анықтай аласыз. Және сол бойынша жеңімпаз мекеменің атқарған жұмыстарын бақылай аласыз», - деді ол.

Аймақтық БАҚ өкілдері қаржы сауаттылығын арттырғаннан соң, Нью-Йорктан келген журналист Илан Гринбергтің тренингіне қатысты. Олар «Сodа media-ның» бас редакторы И.Гринбергпен тәжірибе алмасып, білімдерін жетілдірді. Сонымен қатар фактчекинг, журналистік зерттеу, мақаланы талдау, сыни ойлау бағыттары бойынша практикалық және теориялық білім алды.

Бір аптаға созылған семинар тренинг соңында журналистер арнайы сертификатпен марапатталды.

Жұлдызай ҚАЛИЕВА

Суреттерді Маңғыстау облыстық Азаматтық Альянсы ұсынды