Weekend

Әбіш Кекілбайұлы: «Кесек тұлға»

Мұхтар Мағауинсіз қазіргі қазақ руханиятының аспаны әлдеқайда көмескі көрінер еді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Тағдыр бізді әдебиет табалдырығында табыстырды. Одан таласып аттаған жоқпыз. Жарысып аттасақ та, жарасып аттадық. Өйткені біздің мақсаттарымыз көбіне-көп бір арнада тоғысып жатты.

Енді, міне, алпыс деп аталар егделік биігіне бірге көтеріліп отырмыз. Осы биіктен өткенімізге үңілер болсақ, досымның айқын сайрап жатқан іздерін көріп, айрықша сүйінемін. «Тәубә! Тәубә!» дейтінім өз алдына, тіпті: «Пәлі, пәлі» деймін. Ол – ту сонау бала жасынан «Иә, бәрекелде!» деген сөзді жиі естіп келе жатқан кісі.

Мұхтар Мағауин... Саяси озбырлық, рухани әрі-сәрілік, кәсіби балаңдық жабыла қинап, дағдарыс тығырығына қамалған әдебиетіміздің одан әрі дамуына жаңа қарқын бітіруге тырысқан алпысыншы серпілісте айрықша көзге түсіп, сол қарқынын әлі күнге үдетпесе, бәсеңдетпей, жанқиярлық танытып келе жатқан кесек тұлғамыз. Оның бүгінгі де, ертеңгі де оқырмандар алдында сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Қадым замандар тақырыбына алғаш қалам тартқан ғалым ретінде ұлттық көркем ойдың ең кемел күштерінің төл тарихымыздың кенде зерделеніп келе жатқан кезеңдерін көрсетуге жаппай жұмылуына түрткі болды. Өзі де – сол бәйгеде озып шыға алған жүлделі жүйрік.

Әдебиетіміздің пайымдық деңгейінің тереңдеуі мен көркемдік деңгейінің биіктеуіне оның сіңірген еңбегін өз алдына сөз етермін. Бүгінгі айтарым, Мұхтар Мағауинсіз қазіргі қазақ руханиятының аспаны әлдеқайда көмескі көрінер еді. Асқақ талабына асқан таланты, биік мақсатына берік табандылығы, көл-көсір біліміне көсем көзқарасы лайық айтулы суреткердің алдағы алар асуларын былай қойғанда, қазірдің өзінде тындырғанымен-ақ ұлттық мәдениетімізге арғы-бергінің көп сүлейлерінен асыра үлес қосқан классик жазушымыз, озат ойшыл ғалымымыз, қажырлы да қайсар қайраткеріміз екендігін бір дәуірде туып, бір мақсат жолында тер төгісіп келе жатқан замандасы ретінде мақтана да, масаттана да айта аламын.

(Мағауин М.; М12; Көк мұнар: Роман. – Алматы: Раритет, 2004. – 224 бет)