Bugin

Лондонда үздік атанған жас ұстаз маңғыстаулық жастармен кездесті

Бүгін маңғыстаулық жастар Лондонда топ жарған химия пәнінің мұғалімі Жігер Телюқановпен кездесті

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Маңғыстау жастар орталығының ұйымдастыруымен өткен "Lectorium" жобасы аясында жас ұстаз өзінің білім жолындағы тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ Францияда магистратура оқуға берілген гранттан не себепті бас тартқанын айтып, көпті қызықтырған сауалға жауап берді.

- Әр адамда таңдау еркіндігі бар. Мен осы уақытқа дейін Англия, Франция, Германия, Испанияда оқып келдім. Кейін елге қайтқан соң білім саласында еңбек етіп жүрмін. Өздеріңіз білесіздер, жақында маған грантта оқу мүмкіндігі берілді. Содан соң өзіме сұрақ қойдым «қайта оқуым қажет пе?», - деген. Неге? Себебі мен бұл сала бойынша қараша айында ғана білімімді жетілдірген едім. Олай болса, қайталап оқудың қандай қажеті бар? Сондықтан алған білім мен тәжірибем арқылы елде қызмет еткенді жөн санадым, - деді Жігер Телюқанов.

Одан бөлек ол жастарға кеңес беріп, тұлғалық даму, өз-өзін жетілдіру, алға мақсат қойып, арманға ұмтылудың жолдарын өз тәжірибесінен айтты. Айтуынша, адамның биікке ұмтылуы үшін алдымен мақсат керек. Мақсатты дұрыс анықтап, сенімді түрде жұмыс істесең сен алмайтын қамал жоқ.

Шетел асып, ел көрген ұстаз өз сөзінде: «Қазіргі таңда «Шетелде өмір сүру оңай, барлығы қолжетімді, әлдеқайда жақсы» деген пікірді айтатын адам көп. Әрине, егер сіз шетелге қыдырып я демалып барсаңыз ғана барлығы керемет болып көрінетіні сөзсіз. Бірақ өзге елде өмір сүру расымен қиын. Ал Қазақстанды кенже қалған ел ретінде есептейтін жастарға айтарым, елдің дамуы үшін күш-жігеріңізді салып еңбек етуіңіз керек. Өз салаңыздың нағыз маманы болсаңыз, онда елдің өркендеуіне үлес қосқаныңыз».

Балаларды білім нәрімен сусындатып жүрген ұстаздың ендігі арманы – білім жүйесінің оңтайлануы. Ол қазақстандық білім мен ғылым жүйесіне өзге елдің қызығушылық танытқанын армандайды. Елде білімді, ізденімпаз әрі саналы жас ұрпақтың көп болуын қалайды. Бұл ретте Жігер Телюқанов өз оқушыларын химиядан пәндік олимпиадаға дайындап жүргенін тілге тиек етті.

Салиқалы ой айтылған шара соңында жастар Жігер Телюқановқа сауалдарын қойды. Қызықты әрі салмақты сұрақ қойғандар үздік ұстаз ұсынған кітаптарды сыйлыққа алды.

Жұлдызай ҚАЛИЕВА

Суретті Маңғыстау облыстық жастар ресурстық орталығы ұсынды