Саясат
Қытайдың аймақтағы ықпалы өсіп, әлемдік деңгейге жетуіне аз қалды...
ХХ ғасырдың 60-70 жылдары болған «Мәдени революциядан» әбден тұралап, халқы аштыққа ұрына бастаған Қытайда 1976 жылы Мао Цзэдун өліп, билікке Дың Сяопиң бастаған прагматиктер келді.
Олар бастаған реформалардың арқасында Қытай тез есін жинап, қарқынды даму жолына түсті, бүкіл әлемнің назары Қытайға ауды. Ал бүгінде Қытайдың ықпалы әлем назарында. Қытайдың "әлемді жаулау" идеясы қалай жүзеге асырылып жатыр? Саралап көрелік.
Біріншісі, 2019 жылдың соңына қарай Қытай халқының санына 4,67 миллион адам қосылып, 1,4 миллиардқа жетті. Халық саны бойынша әлемдегі №1 мемлекет бала тууды шектеу саясатына қарамастан, елдің халқы қарқынды түрде көбейіп келе жатыр.
Екіншісі, 1987 жылы ҚХР мемлекеттік қытай тілін әлемге таратуға басшылық ету тобының кеңсесі құрылды. Бұл мекеме қысқаша «Қытай тілі кеңсесі» (Ханбан) деп те аталады. Жер жүзі елдеріндегі қытай тілі мен мәдениетін үйренушілерге көмек беру, қолдау көрсету тұрғысында құрылған аталмыш кеңсенің түпкілікті мақсаты мен негізгі міндеті – шетелдіктердің қытай тіліне деген сұранысын барынша қанағаттандыру. Жоғарыда айтып кеткен «Ханбан» мекемесі 2000 жылдардың басында Конфуций институттарын құра бастады. 2007 жылдың қазан айында өткен ҚКП-ның ХVІІ съезінде қытай тілі мен мәдениетін шет мемлекеттерге тарату Қытайдың сыртқы «жұмсақ күш» саясатының маңызды мазмұны ретінде партияның бағдарламасына кіргізілді. Қазір әлемнің 154 мемлекетінде 548 Конфуций институты мен 1193 Конфуций кластары ашылған.
Үшіншісі, Қытайды зерттеп жүрген ғалымдардың пайымдауларына қарағанда, елдiң жалпы табиғи ресурстары 2 миллиард адамды қамтамасыз етуге ғана жетiп, одан кейiн өз мүмкiндiгiн сарқа беретiн көрiнедi. Мұны Қытайдың өзi де жоққа шығармайды. Су көздерi тартылып, орман сиреп, жайылымдар азып, егiстiк алқаптар уланып, экологиялық апат төне бастағаны хақында өздерi де дабыл қағып жатыр.
2002 жылдың 31 желтоқсанынан бастап тек ұлты қытайлар үшін Қытай үкіметі жеке куәлігі мен тіркелген мекен жайы туралы анықтамасы болса болды паспорт жасатып беру арқылы сыртқа кететін азаматтарының құжат рәсімдерін барынша жеңілдеткенін және қаржыландыратынын ескерсек, қытай азаматтарының шетелге кетуіне мүдделі екеніндігін байқауға болады.
Қытай мигранттары ешқашан ассимиляцияға ұшырамайды. Керісінше топтасып, қауымдасып жүріп қалашығын салып өз ұлтының саяси мүддесін насихаттап жүреді. Салдарынан әлемнің әр түкпірінде «Чайнатаун» (Chinatown) қытай қалашықтары бар. Ол жерде қытайлар тұрады және қытай тілінде мектептері, кинотеатрлары, телеканалдары, кафе-ресторандары болады.
Қытайдың аймақтағы ықпалы өсіп, әлемдік деңгейге жетуіне аз қалғаны жайлы америкалық геостратег Генри Киссинджер өзінің "Әлемдік билік" (World Order) кітабында жазады. Ал өткен жылдың көктемінде Трамп Қытай тауарларына салынатын салық мөлшерін арттырды.
Трамптың пікірінше, Қытай біртіндеп әлемді жаулап алмақ. Ол твиттер парақшасына: «Қытай – бұл нағыз бәсекелес ел. Ол күллі әлемді жаулап алуды ойлап отыр», – деп жазған еді.
Бұл сан әдістің сараланғаны ғана. Сіз қалай ойлайсыз?