Weekend
«Жүгері аралы» картинасының өндірісіне Қазақстан, Грузия, Германия, Франция және Чехия мамандары атсалысқан
Беделді Variety басылымында соңғы онжылдықта түсірілген үздік фильмдер тізімі жарияланып, оған «Қазақфильм» киностудиясы қатысуымен жасалған «Жүгері аралы» («Кукурузный остров») фильмі кірді. Бұл туралы «Қазақфильмнің» баспасөз қызметі хабарлайды.
2014 жылы Қазақстан, Грузия, Германия, Франция және Чехия елдері бірлесіп түсірген режиссер Георгий Овашвилидің «Кукурузный остров» көркем фильмі әлемге әйгілі Variety киножурналында соңғы онжылдықта АҚШ-та прокатқа шықпаған шетелдің үздік фильмдердің тізіміне кірді. Қазақстан тарапынан бұл фильмге Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы қолдау білдірген, ал фильм продюсерлерінің бірі - Сайын Ғабдуллин.
Басылымда жарық көрген «Көрсетілмеген інжу» мақаласының авторы Variety журналының бас киносыншысы - Питер Дебрюг. Айта кетсек, беделді салалық басылымда жарияланатын аналитикалық мақалалар прокатпен айналысатын мамандарға және фестивальдер өкілдеріне үлкен экрандарға шығуға лайықты картиналарды іріктеуге көмектеседі.
- Осы күнге дейін америкалық көрермендер бұл фильмдерді көре алмағанына қатты өкінемін. Осы туындыларды тауып, міндетті түрде көруге кеңес беремін! - деп жазады киносыншы өз мақаласында.
Аталған картина немересімен бірге жүгері өсіру үшін өзен жағасында орналасқан аралға арнайы көшіп келген қарт шаруаның өмірін баяндайды.
Бұл туыстық және рухани қатынастардың адамгершілікке толы және әсерлі оқиғасы. Фильмде тіршіліктің қамы үшін еңбек етіп жүрген қарапайым адамдардың өмірі суреттеледі. Шаруаның рөлін түрік актері Ілияс Салман, ал оның немересін – осетиялық жас актриса Мариям Бутуришвили сомдады.
- Өзінің осы тамаша жұмысы арқылы бес бірдей елдің беделін арттырған режиссердің ерекше таланты туралы айтқым келеді. Мен Георгий Овашвилимен 2004 жылы Мароккода таныстым, кейін оның «Другой берег» атты алғашқы толықметражды фильмінде продюсер болдым. Бұл туынды Берлин кинофестивалінің бағдарламасына ілініп, 2009 жылы Еуропа киноакадемиясының номинацисына ұсынылған болатын. Уақыт өте осы «Кукурузный остров» фильміне кірістік, - деді продюсер Сайын Ғабдуллин.
Фильмнің әлемдік тұсаукесері 2014 жылы Халықаралық Карловы Вары кинофестивалі аясында өтті. Бұл байқауда кинотуынды Бас жүлдеге және экуменикалық қазылар алқасының марапатына ие болды.
Сол жылы «Кукурузный остров» фильмі Грузия елінен «Шетелдің үздік фильмі» номинациясы бойынша «Оскар» жүлдесіне ұсынылып, тіпті тоғыз үміткерден тұратын шорт-листке кірді.
Ресейдің Анапа қаласында өткен «КИНОШОК» фестивалінде де Овашвилидің фильмі Бас жүлдеге және «Үздік операторлық жұмыс» сыйлығына ие болды. Сонымен қатар, бұл туынды Минскіде өткен «Листопад» кинофестивалінде «Үздік операторлық жұмыс» жүлдесімен марапатталды.
«Кукурузный остров» фильмі әлемге мәшһүр Канн, Бусан және Сан-Себастьян сынды халықаралық беделді кинофестивальдерді қоса санағанда 70-ке жуық кинобайқауларға қатысты. Жалпы алғанда бұл фильм 32 жүлдеге ие болды.