Саясат
«Абыройдан айырған» 1000 доллар
Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі Алматы қаласы Бостандық аудандық сотының төрағасы «пара алды» деген күдікке ілінгенін хабарлады.
Ведомсто хабарламасында судьяның «сот отырысының хатшысы арқылы борышкер азаматтан Қазақстан аумағынан шығуына рұқсат бергені үшін пара алғаны» делінген. ҚР Жоғарғы Сотының ішкі қауіпсіздік және соттардағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бөлімімен бірселесе отырып операция жүргізген антикоррупция агенттігі «қылмыстық қудаланбау бойынша артықшылыққа ие судьяға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын жалғастыруға бас прокурордың келісім бергенін» мәлімдеді.
Күдікке іліккен судьяның кінәлілік дәрежесі туралы түпкілікті шешімді сот қабылдайды. Бірақ агенттік хабарламасында судьяның аты-жөнін берілмеген. Ал ведомстоның интернет порталында жарияланған «оқиға орнында түсірілген» видеодан 100 АҚШ долларынан он тал, яғни 1000 АҚШ доллары көлеміндегі ақша тәркіленгенін көруге болады. Сондай-ақ бейнематериалдан жүзі жасырылған судьяның ер адам екені байқалады. Алматы қаласы Бостандық аудандық сотының сайтында көрсетілгендей, аудандық сот құрылымында 15 судья қызмет атқарады. Оның ішінде төрағаны қоса есептегенде, үшеуі ғана ер адам. Олар: Баянов Алтынбек Бейсембаевич (аудандық сот төрағасы), Нұрмаханбетов Нұрлан Төреханұлы (төреші), Тотыбай Ерхан Нұханұлы (төреші).
Қазақстанда жемқорлық бойынша шенеуніктер жиі сотталады, алайда көп жағдайда олар тек айыппұлмен құтылып кетеді. 2019 жылы жарияланған Transparency International ұйымының жемқорлық индексінде Қазақстан 180 елдің ішінде 124-орында тұр.
Азаттықтың дерегінше, былтыр қараша айында жемқорлық бойынша айыпталған Алматының Медеу аудандық сотының бұрынғы судьясына 116 мың доллар көлемінде айыппұл салынған.