Weekend
Өнер адамдары шынымен де әмбебап па?
Өнердің әрбір саласының өз орны бар. Өнер деген арыстан да, жарыстан да қалмай теледидар төріне шығып, сахнанын сорпасын сапырып жарқылдай беру емес. Өзіңе берілген құндылығыңды жоғалтпай, сол саланың шамшырағын жағып, түтінін түзу тұтату.
Қазіргі таңда әншілердің киноға түсіп, актерлардың ән айтуы көп кездесуде. Онымен қоса өнер адамдарының жүргізуші болуына не дерсіз? Өнерлінің өрі өз саласының ғана саңылағына айналуы ма? Әлде... Өнер адамдарына өнердің барлық түрі бірдей ме? Осы орайда Арман Сқабылұлының тіліне тиек еткен "Телекеңістікті жаулаған әншілеріміз енді киноиндустрияға ауыз сала бастады. Мүмкін мен қателесіп жүрмін? Біздің әншілер шынымен де әмбебап шығар" деген сөзін айтқым келеді.
Иә, жігітке жеті өнер де аз. Дегенмен әрбір мамандықтың өзінің оқылу жүйесі, алатын дипломы, атқаратын қызметі бар. Бұлай жалғасын таба берсе, өнердің құны жоғалатыны анық. Әншілер түскен киноның көп қаралым жинап, жұртшылықтың талқылауына түскенімен, актёрдың аты актёр... Актер мен әншінің ойнаған рөлдерін қарасаң жер мен көктей. Эмоциналды ойнауы, сөзді тек жатталған тақпақ ретінде емес, жүректен шыққан шынайы сөздей айтуы, көрерменді баурап сендіре білуі, барлығы да - актердың артықшылығы. Сол секілді актерлар да "вокал" дейтін ұғымды тамырымен түсінген әншілердің айтқан әнін орындай алмайды. Өнердің санын емес, сапасын жоғарылатсақ қана артымыздан асыл із, өлмейтін өнер қалдырмақпыз.
Әншінің орны бір бөлек,
Өнер біткен бойына тамсандырып ән айтар.
Актёрдың орны бір бөлек,
Сахна дейтін ошақтың отын баппен қайнатар..!