Саясат

Ауыл әкімдері жаппай пара алды деген күдікке ілінді

Әркім өз хәлінше қармануда

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мекемесі Түркістан және Алматы облыстарында ауыл әкімдерінің пара алу күдігіне ілінгенін хабарлады. Агенттік қаңтар айының өзінде еліміздің бірқатар өңірінде аудан және ауыл әкімдеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу бастап үлгерген.

Түркістан облысында Кентау қаласы Ескі Иқан ауылдық округінің әкімі Муслимов Хасан Әлиханұлына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Оған жер учаскесінің ахуалдық схемасына қол қойғаны үшін жеке кәсіпкерден 2 миллион теңге пара алды деген айып тағылды. Бұған дейін келісілген пара сомасы 4 миллион 150 мың теңге болған екен. Ведомсто мәліметінше, 2015 жылдың 4 желтоқсанынан бері басшылық лауазымда болған 61 жастағы әкім өз кінәсін мойындапты.

Сонымен бірге Алматы облысында Іле ауданы Байсерке ауылдық округінің бұрынғы әкімі мен әкімдіктің лауазымды тұлғалары күдікке ілінгені хабарланды. Құзырлы орган олардың Жаңадәуір ауылындағы 10 га жер учаскесін шаруа қожалығынан жеке қосалқы шаруашылыққа заңсыз өзгертуге қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.

Ал Талғар ауданы Панфилов ауылдық округінің бұрынғы әкімі шипажай, су қорғау аймақтары мен ирригациялық желілерде жер учаскелерін бөлу кезінде қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланды деп айыпталып жатыр. 24 қаңтарда күдіктіге қатысты қамауда ұстау шарасы санкцияланды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.