Әлем жаңалықтары

Нидерланды үкіметінің басшысы еврей қырғыны үшін кешірім сұрады

Өркениетті ел тарихи қателігін мойындады, ал Ресей ше?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Голландия үкіметі еврей қауымдастығы үшін «әділеттілік пен қауіпсіздік кепілі» рөлін орындай алмаған еді. Нидерланды премьер-министрі Марк Рютте Амстердамда Холокост геноцидін еске алу және Освенцимді азат етудің 75 жылдығына орай өткен жиында сөзін осылай бастады.

Жалпыхалықтық Холокост құрбандарын еске алу күні Нидерландыда қаңтардың соңғы жексенбісінде аталып өтеді. Биыл тарихи дата 26 қаңтарға, яғни соғыс жылдары 1,1 миллион кісі қаза тапқан Освенцим концлагерін Қызыл армияның азат етуі қарсаңына дөп келді.

Марк Рютте ел басшылығы атынан ағынан жарыла кешірім сұрады:

- Холокост трагедиясының ауқымы мен қасіретін айтып жеткізгісіз екенін күңірене түсініп, сезіне отырып кешірім сұраймын. Соғыстан кейінгі ұрпақтар Холокост құрбандарын еске алуға байланысты әрбір нақақ опат болған жанның атын атап, құрметпен еске алып, өткеннің ауыр күнін жадыға сақтап, одан сабақ алып, осында және қазір бірігуіміз қажет, – деді. 

Голланд билігі ел тарихында алғаш рет еврей жұртын  қудалап, өлім лагеріне жер аударғанына күйзеліспен кешірім сұрады.

Статистикаға сүйенсек, Нидерландыда тұратын 140 мың еврейден соғыстан кейін бар-жоғы 38 мың адам тірі қалған.

Былтыр Нидерланды мемлекеттік теміржол компаниясы да депортациялауға қатысқаны үшін тарихи айыбына кешірім сұрап, қолдау ретінде Холокост құрбандарының туыстары мен зардап шеккен көзі тірі куәгерлеріне ондаған миллион еуро өтемақы төлейтінін мәлімдеген болатын.

Холокост тарихи-әлеуметтік ұғымы 1933-1945 жылдар арасында Гитлердің билік басына келуімен фашистердің 6 миллион еврейді (Еуропа еврейлерінің 60%) қырып салуымен байланысты айтылады. Тұңғыш рет «холокост» термині АҚШ баспасөзінде 1960 жылдары Освенцим крематорийіне байланысты қолданылған.1992 жылы ФРГ Израиль мен халықаралық жебі­рей ұйымына ресми статистика бойынша, 100 миллиард неміс мар­касы көлемінде өтемақы төлеген. Израильдің қайта мемлекет болып еңсесін тіктеуіне қазіргі Германия айтарлықтай қолғабыс танытып, көмектескен.