Қоғам

Жаңаөзен күзетшілері наразылық шеруіне шықты

«Жұмыс деген аты болмаса, жалақы мардымсыз»

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

«KMG Security» ЖШС қызметкерлері жалақыны көбейтіп, оларға жұмыс жағдайын жақсартуды талап етіп митингке шықты. Кәсіпорын қызметкерлері бейнежазбаны желіге жариялады.

Күзет компаниясының қызметкерлері «елдегі ең аз жалақыны біз аламыз» деп ашынады.

– Біздің жалақымыз бар болғаны 55 мыңнан 65 мың теңгеге дейін, ал президент Тоқаев ең төменгі жалақы 85 мың теңге деп айтты. Газ бағасы күн сайын көтеріліп жатыр, сондықтан жұмысқа өз бетімізше баруға мәжбүрміз. Арнайы қызметтік көлік қарастырылмаған, – дейді Жаңаөзен тұрғындары.

Наразылар жалақыны 120 мың теңгеге дейін көтеруді, денсаулықа залалы үшін сүт беруді, еңбек демалысы кезіндегі төлемді ең төменгі жалақы деңгейіне (42,500 теңге) арттыруды, сондай-ақ жаңа жылға және басқа да мерекелерге сыйлықтар беруді сұрады. Бұған қоса айтылған талаптың ішінде «қаланың әр жерінде орналасқан нысандарға жеткізетін көлік бағытын жүргізу» мәселесі сөз болды.

Олар Жаңаөзен қаласының әкімі Мақсат Ибағаров пен «Өзенмұнайгаз» басшылығынан көмек сұрады. Жалақының мардымсыздығы мен қолайсыз жұмыс жағдайынан қажыған қызметкерлер компания басшылығына ұжымдық өтініш жазды. Жауапты мекеме оны қабылдағаны хабарланды.

«KMG Security» ЖШС заңды және жеке тұлғалардың өзі мен мүлкін, оның ішінде оны тасымалдау кезінде қорғап-күзету қызметімен айналысатын республикалық көлемдегі белгілі компания. Жалғыз қатысушы болып «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ табылады. Қызметінің басым бағыты мұнай-газ саласына қатысты. Ашық дереккөздегіақпарат бойынша, «KMG-Security» компаниялар тобы бөлімшелерінің штатында жалпы жиыны 7500-ден астам кәсіби қызметкер жұмыс істейді.

Uchet.kz контрагенттер сервисінде көрсетілгендерекке қарағанда, жұмысшылары бас көтерген «KMG-Security» ЖШС Жаңаөзен филиалы 2017 жылы 100,8 млн теңге салық төлеген. Темиралиев Алмас Сапаевич басқаратын 500-ден көп қызметкері бар компания филиалы нарықта 14 жылдан бері қызмет етіп келеді.

Кейбір экономистер аталған ұйым басшылығының жаңаөзендіктер талабын қанағаттандыра қоюына күмәнмен қарайды. Олар компания аймақтағы жүздеген қызметкер үшін мыңдаған кадрдың жалақысын көтермеуі мүмкін деп санайды.

Десе де еңбек кодексіне сәйкес ұлттық мұнай компанияларының аумағында жұмыс істейтін мамандарға арнайы жеңілдіктер қарастырылуы қажет. Сондай-ақ жарты жылдан бері президент Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес жұмысшылардың еңбегіне лайықты төлемінің әділ болуын айтып келеді. Бірақ...