Weekend
Зияткерлік мектептің оқушыларына «оқымысты» деген лақап ат қойылған
Назарбаев Зияткерлік мектебі десе қолына кітап ұстаған, көзіне көзілдірік таққан жеткіншектер бірден ойға келетіні анық. Шынында «Осылар кітаптан басқа затты қолына ұстайды ма?» деген сауал көптің көңіліне күдік ұялататыны тағы бар.
Зияткерлік мектептің оқушылары «оқымысты» деген лақап атты да сырттай алып үлгерген. Жауабы жұмбақ құпияның бүгін сыры ашылды.
Шымкент қаласы химия – биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұйымдастыруымен «Көрме орталығында» жәрмеңке өтті. Ауқымды шара аясында зияткер оқушылар бас алмай кітап оқып қана қоймай, ғылыми жобалар жасайтынын, өнерде де икемді, үйірме жұмыстарын да жетік меңгергенін көпшілікке паш етті. Сондай-ақ, ұлттық ойын (қазақша күрес, арқан тартыс, тоғызқұмалақ, асық ату) түрлері бойынша шеберлік сағаттар ұйымдастырылды. Жәрмеңкеге бас-аяғы 500-ден астам оқушы мен мұғалім, ата-ана қатысты.
Келушілердің назарына Робототехника, Ақпарат, Цифрлы аймақ, STEAM, Қазақстандағы жасыл аймақ, Құрылыс және архитектура, Шектеусіз шығармашылық, Тәрбие жұмысы секциялары бойынша 140-тан астам ғылыми-шығармашылық жобалары ұсынды. Ауқымды шарада жоба авторлары өз жұмыстарын таныстырып, өзінен кейінгі замандастарын мектепке оқуға шақырды.
Сонымен қатар, мектеп мұғалімдері 7-сыныпқа оқуға түсуге, конкурсқа қатысуға, оқу бағдарламасымен танысуға қатысты сауалдарға жауап береді. Айта кетейік, Назарбаев Зияткерлік мектептері қаңтардың 31-не дейін құжат қабылдайды.