Саясат
«Төлемнің сомасы ақылға сыймайды, біз Данияда өмір сүріп жатқанымыз жоқ»
Бүгін түс кезінде Алматы, Шымкент және Орал қаласы мен астанада басталған шетелдік нөмірдегі көлігі бар қазақстандық жүргізушілердің наразылығы өтіп жатыр.
Алматылық наразылар тобы әкімдік алдына келіп, тіркеу механизмі «халық қалтасына салмақ түсіретінін» айтып шағынды. Өзін Самат Тәукенұлы деп таныстырған көлік жүргізушісі «Менің көлігіме утилизациядан бөлек жай ғана алғашқы тіркеу төлеміне 1,325 миллион теңге төлеу керек, бұл есепті қайдан қандай негіз бойынша бекітті? Біз мыңдаған еуро жалақы алатын Данияда өмір сүріп жатқанымыз жоқ, Қазақстанда орташа жалақы 140 мың теңге емес пе? Қай ойымен белгіледі көрсеткішті? Заңсыз алып келген болсақ, сол жылдары шекаралық қызмет пен құқық қорғау органдары қайда қарады? Ешкім бізге ескертпеді. Жауапты мамандардың мемлекеттік қызметтегі салғырттығы кесірінен қарапайым халық неге жапа шегуі керек?» – деді.
Жиналған 100-ге жуық жүргізуші ортасына әкімдік өкілі келіп, басқа ғимаратқа кіріп, талқылауға үгіттеп бақты. Наразылардың бірі «миллион теңгеге баж-утилизация алымдарын төлеу жай адамның жағдайы көтермейді. Аталған мемлекеттік төлемнің коэфициенті қандай негізге сүйеніп белгіленді? Қаржы қайда кімнің қолына кетіп жатыр», – деп төлем сомасының қисынсыздығын алға тартты.
Утилизациялық заң әлемнің барлық елінде барынан хабардар екенін жеткізген жүргізушілер билік бұйрығы халықтың шынайы табысына лайық болуы керек деп санайды.
Алматы қаласының кеден қызметі әкімшілігі басқармасының бастығы Қайрат Бөкішев топ ортасында «Қырғызстан, Армения ЕЭО-на 2014 жылы қосылғанын» және «шу шығарған жүргізушілердің мәліметі шындыққа жанаспайтынын» жеткізді. Өзін «азаматтық белсенді» деп санайтын Жанат Құсайынова «мемлекеттік органдардың ешқандай кінәсі жоқ, мәселе Армения тарапында. Армения келісімшартты бұзғандықтан, осындай оқиға орын алды» деп мәлімдеді. Бұдан соң жиналған белсенділер «бұған билік қалай жол берді» деп шамданды.
Алматы қаласының полиция департаментінің бастығы Жандос Мұратәлиев наразылармен тілдесіп, жекелеген сұрақтарына жауап берді. Ресми уәкілдермен мәміліге келе алмаған жүргізушілер «Біз ақша, жер, үй бер деп тіленіп жатқанымыз жоқ. Өз мүлкіміз, жеке көлігімізді несі бар? Өздері сол кезде тоқтау салған жоқ, енді қатесін халықтан көрмесін», – деп, тіркеуді жеңілдетуін талап етті.
Апта ортасында 31 қаңтар сағат 15:00-де Қазақстанның барлық қаласында митинг өтетінің туралы хабар тараған болатын.