Экономика

Букмекерге жем болды, талай қазақ баласы!

Елімізде букмекерлік кеңселер бизнесінің тасы өрге домалап тұр

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Оңай олжаға кенелуді кім қаламасын?! Жасы бар, жасамысы бар ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүруден бас тартпасы анық. Күнімізде жастарымыздың құлқынының құлпын бұзған құмар ойындары үйдегі ата-ананың жүйкесін жұқартып, арам ойынға арандатушылардың қалтасын қалыңдатуда. Әсіресе, букмекерге бәс тігушілердің саны күннен күнге көбеюде.

 

Деректерге сүйенсек, бәс тігу ежелгі Рим заманында пайда болған көрінеді. Бастапқыда "бәс" тек жекпе-жек түрлеріне және ит, қораз төбелестеріне тігілсе, ХХ  ғасырдан бастап спорттың кез-келген түріне тігіле бастапты. Өткен ғасырдың соңында букмекерлік кеңселер біздің елімізде де өз жұмыстарын бастауға кірісті. Әлемдік спортта букмекерлік кеңселердің алар орны ерекше. Себебі, Әлем чемпионаты, Олимпиада ойындары секілді байрақты бәсекелерде спорт журналистикасы өкілдері жеңімпаздарды букмекерлердің берген бағаларына қарай саралайды. Ал, кейбір қулығына құрық бойламағандары футбол, теннис, бокс сияқты спорт түрлерінің танымал деген спортшыларымен астыртын келісімге келіп, ойын нәтижесіне тікелей араласып отырады. Сондықтан да мұнда жеңімпазды дөп басып айту неғайбыл. Тек мыңнан бірінің ғана бағы жанып, мол ұтысқа ие болуы мүмкін.
 
Дамыған Батыс елдерінде бәс тігуге қатаң тыйым салынған. Ал, біздің елде олардың саны дәріханалар мен балабақшалардың санымен шамалас. Психологтардың айтуына қарағанда, бәс тігу де тәуелділіктің бір түрі. Көп жағдайларда жоғары сынып оқушылары мен студенттер қолдағы бар қаражатын букмекерлік орталыққа арнауға асық. Әйткенмен, оңай олжа орға жығарын естен шығармаған абзал.