Білім және ғылым
Телегей теңіз білім ордасы
ҚазҰУ - талантты, дарынды білімгерлердің басын біріктіріп отырған оқу ордасы, сыйластық пен шынайы достықтың мекені. ҚазҰУ-ғашықтардың қалашығы.
ҚазҰУ- адамның тұлға болып қалыптасуына ықпал етіп, жан-жақты қабілетін ашып көрсетуге мүмкіндік беретін қара шаңырақ. Сол себепті де мен өзімнің ҚазҰУ-да тәлім алып жатқанымды өмірімдегі ең үлкен сәттілік деп санаймын.
Университетке аяқ басқалы бері өзімді нағыз телегей теңіз білім ордасына, жалынды жастардың қатарына енгеніме өте қатты қуанамын. Сапалы білімнің қара шаңырағы, Қазақстандағы білім беру жүйесінің тірегі, ескінің көзі, 85 жылға жуық бай тарихы жинақталған ұлттық университетте еліміздің түкпір-түкпірінен, алыс-жақын шетелдерден келіп, оқып жатқан білімгерлер жетерлік. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ерекше мәртебесі бар, Қазақстанның жетекші әрі әлемдік білім нарығындағы бәсекеге қабілетті, әлемдегі ең үздік 220-шы орында тұрған оқу орны. Қазақстандағы нөмірі бірінші университет, сонымен қатар, білім мен ғылымның көшбасшысы.
Қазіргі таңда университетімізде 20 000-ға жуық студент білім алады. Он төрт факультеттен тұратын университетте үш мыңға жуық профессор-оқытушы құрамы студенттерге білім беріп келеді.
Білімгерлер сарайында өнерлілерге арналған клуб жұмыс жасайды. Студенттер клубының дарынды мүшелері - талай байқаулардың жеңімпаздары. Соның бірі ретінде "Бақыт" би ансамблін ерекше атап өтуге болады.
Университетімізде дәстүрлі түрде "Жалын" бірінші курс таланттарын анықтау, "Студенттік көктем" көңілді тапқырлар клубы, "Ана тілі" аруы, "Жігіт сұлтаны" сияқты байқаулар жоғары деңгейде өткізіліп тұрады.
Бұл менің университетімді асыра мақтағаным емес, мұның барлығы шынайылықпен, махаббатпен жазылған дүние. Менің осы университетте алған білімім болашақтағы орнымды табуға септігін тигізіп, биік шыңға жетелейтініне үлкен сеніммен қараймын.