Саясат

Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен гүлденуінің негізі

Тоқаевтың саясаты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйекте ел халқына «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның  тұрақтылығы мен гүлденуінің негізі» атты алғашқы Жолдауын ұсынды. 

«Елдің қоғамдық саяси өмірін жаңартпай, экономикалық реформаларды табысты жүргізу мүмкін емес» деген ол «елде көп партиялық жүйені және партиялар арасындағы бәсекелестік пен плюрализмді дамыту керегін» сөз етті. Тоқаев жолдауында «өзі сайлау бағдарламасында уәде еткен саяси трансформация мемлекет пен халықтың мүддесіне сай біртіндеп жүзеге асатынын», «жүйесіз саяси либерализация тұрақсыздыққа әкелетінін» айтты. Ол «Мықты президент – беделді парламент – ісіне есеп беретін үкімет – мемлекеттің тұрақтылық формуласы» деді. Тоқаевтың пайымдауынша, Қазақстан билігінің басты мақсаты – азаматтардың талабына дер кезінде құлақ түретін мемлекетке айналу. Президент саяси реформалар "асығыстыққа салынбай", керісінше, кезең-кезеңімен, табанды түрде және жан-жақты ойластырылып жүзеге асырылатынын айтты. Еліміздің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпай, табысты экономикалық реформаларды іске асыру мүмкін емес, деп мәлімдеді.Тоқаев жолдауда азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бизнесті қолдау, әлеуметтік жаңғыру, өңірлерді дамыту бойынша құзырлы органдарда бірқатар тапсырма берді.

2019 жыл Қазақстан қоғамының өткір саяси мәселелерді талқылауға белсенді қатысуға дайын екенін көрсетті. Қоғамдық-саяси реформаларға сұраныс бүгінгі күні ерекше жоғары. Сондықтан да Қоғамдық диалог тақырыбы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы Жолдауының өзегі болып отыр. Елдің саяси жүйесін кезең-кезеңмен жаңаша жаңғыртуға шақыра отырып, Президент оның базалық сипатын атап көрсетеді: «...елдің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпайынша, табысты экономикалық реформаларға қол жеткізу мүмкін емес».

Бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаевтың сөзінше, Қазақстан президентінің жолдауындағы тарауларды «тапсырмалар мен бағыттар» деп бөліп қарастыру керек. 

- Саяси реформаның керектігі жайлы айтқанымен, қалай жүзеге асыратынын нақтыламады. Тоқаев жолдауының кіріспесінде Назарбаев саясатының сабақтастығын сақтайтынын айтқан кезде-ақ жаңа бағыт болмайтыны түсінікті болды, – дейді ол.

Қазақстан президенті митингтер туралы заңнаманы жетілдіру қажеттігіне де тоқталды. Оның айтуынша, Конституцияға сәйкес, азаматтар өз ойын еркін білдіру құқығына ие болып табылады.

- Егер ондай акциялар заң мен азаматтардың тыныштығын бұзбайтын болса, қолдау білдіріп, заңда көрсетілген тәртіп бойынша митинг өткізуге рұқсат берілу керек. Ол үшін арнайы орын бөлу қажет, — деді мемлекет басшысы.

Тоқаев жергілікті жерлерде шенеуніктер халыққа «жабық» саясат ұстанатынын айтты. Мемлекет басшысы көп жағдайда халық тікелей президентке шағымдануға мәжбүр екенін мәлімдеді. Тоқаев сол себепті президент әкімшілігінде азаматтардың өтініштерін мемлекеттік органдар қарау деңгейінің сапасын бақылайтын арнайы бөлім ашылғанын тілге тиек етті.

Президент еліміздегі қоғамдық келісімді нығайтудың «негізгі кілті» болып табылатын тіл мәселесіне де ерекше тоқталды. Бұл жөнінде ол: «Еліміздегі этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасай береміз. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек», – деп атап көрсетті. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында білім мәселесін ерекше атап өтті. Сондықтан Президент еліміздің жоғары оқу орындарының алдына бәсекеге қабілетті, білікті маман дайындау, олардың оқу бітіргеннен кейінгі жұмысқа орналасу мәселесін қатаң қадағалаумен қатар, ғылыми-зерттеу жұмыстарын сапалы жүргізіп, оны коммерцияландыру бағытында қарқынды және нақты жұмыстарды жасауға үлкен міндеттер артып отыр.

Сөз соңында президент осы реформалардың орындалуын қатты қадағалайтынын және қазақ халқына зор үмітпен қарайтынын айтты. Ол ұлы Абайдың алтыншы қара сөзіндегі "Бірлік – ақылға бірлік" дегенін мысалға келтіре отырып, Елбасының "Ел бірлігі – ең асыл қасиет" деген қанатты сөзі – біздің айнымас қағидамыз деп атап өтті.