Weekend
Әкесі мен қызы (қысқаша әңгіме)
Шыр етіп, дүниеге келіп, ес білген шағымнан жаныма жақын бір адам бар еді. Қамшының сабындай мына жалғанда тілекшім де, тіреуім де сол жан болған-ды. Еркелігі басым Жайнаның ессіз қылықтарына шыдап, шеттен шығып бара жатса, ақылымен тиятын бірден - бір адам. Ол- менің әкем.
Балалық шағыңыз есіңізде ме? Ал менікі еміс-еміс есімде. Ағаларының киімін киіп алып, құрылыс бөлшектерінің арасында әкесінің артынан қалмайтын кішкене қара қыз. Бұл кездері әкесі істеп жатқан жұмысына қарамастан, қызының қалауын орындайтын. Жайнаның бүгін айтқаны ертесінде дайын тұратын. Жасап жатқан машинасын немесе құрылысын тастай салып, биік ағаштың басына ерінбей шығып, ауылда жоқ әткеншекті қара қызына арнап жасаған- ды. Ойын баласы болғандықтан, жарты түнге дейін ойын қуып кеткен қызын уайымдап, іздеп көшеге шығатын да өзі. Ол - ол ма? Биік теректің бұтағы Жайнаның тұлпары мен қамшысына айналатын. Әрі әкесі ерінбей шыбықты ақтайтын, қамшысына дейін аппақ болатын. Бұтақтан қалғаны қылышқа айналып шыға келетін. Ұлдар оның қылышына қызыға қарайтын. Ал қызының қолынан бар келгені, әкесі сақалын алған кезде айнаны ұстап, су құю еді.
Әкесі қызын Қыз Жібектен кем әспеттемейтін. Тапқан-таянғанын қызының алдына тосатын. Тіпті, дауыс көтерген де емес. Қолынан жерге түсірмей өсіргесін, Жайнаға әкесінен жақын адам жоқ-ты.
Есейе келе әкесі мен қызы түн жамылып әңгіме айтатын. Әсіресе, қиын заманда дүниеге келген әкесінің балалық шағы, тағы да басқа өмір хикаяты қызық еді. Пештің түбінде, темекі түтінінің сүйемелдеуімен ол әке әңгімесін ұйып тыңдайтын. Қолына гитарасын немесе домбырасын ала сала "Көршінің қызы" әнін қызы екеуі күнде шырқайтын.
Қонаққа барса да, қызын үйде қалдырмайтын. Әкесі мен қызы төрден орын алатын. Қызы тамақты талғай жейтін. Әкесі алдына қойған затты жегісі келмесе де, дәмін татып көретін. Теледидардан Жайна Сламбек шыға қалса, "Болашақта менің қызым осындай болады" деп есі кете қуанатын. Қонақ шақырса, "Кейін менің қызымды теледидардан көресіңдер" - дейтін. Дегенмен, әкесі көк жәшіктен қызын көре алмай кеткені өкінішті.
Мүшел жасқа толған жылы ерке қыз әкесінен көз алдында айырылды. Содан кейін оның қысқа ғана күнде қырық құбылатын мінезін ешкім көтере алған емес. Әкесімен өткізген әрбір күн күнтізбеде қызылмен белгіленбесе де, мәңгі есте қалады. Ал әзірге оның әкесі айқайласа дауысы жетпейтін, бұл өмірде ол шыға алмайтын биіктікте. Әйтсе де, Алла бұйрығымен, уақыты келгенде әкесі мен қызы сол биіктікте кездесетініне сенеді.