Саясат
Сталин мен Ленинді айыптады
ЛДПР басшысы Владимир Жириновский Кеңес үкіметінің басшылары Ленин мен Сталинді қатаң сынға алды. "Олар ешкіммен ақылдаспай одақтас республикаларға жер беріп жіберді" деп айыптады, деп жазады РИА Новости басылымы.
"Жүз жыл бұрын Ленин Эстонияға тәуелсіздік берді. Оның оған құқығы бар ма? Мемлекет басшысы мұндай маңызды мәселелерді тек қана Парламенттің рұқсатын алғаннан кейін шешуі тиіс. Ол Финляндияға, Эстония, Литва, Латвияға тәуелсіздік берді. Кремльде қол қойды", - деді Жириновский журналистер қауымына.
Жириновскийдің ойынша Лениннің жер тарату саясатын Сталин жалғастырған. "Білімі жоқ азамат ештеңені дұрыс түсінбеді, ол картаны бөліп, орыс халқын ұмыт қалдырды" дейді орыс саясаткері.
"Ешқандай да Эстония мен Латвия деген болған емес. Литва Польшаның құрамында болды. Чухония болды. Таллин - орыстың Ревель деген қаласы. Тарту - орыстың Юрьев қаласы. Эстондарға Таллиннің кішкентай ғана бөлшегі мен Пярнаны беру керек. Эстондар бар жоғы 900 мың ғана. Біз оларды ештеңесінен айырмаймыз. Мұның бәрі - орыс халқының жері. Литва Вильнюс өлкесін қайтарсын. Вильнюс олардың қаласы емес. Соғыс біткен соң Сталин барлығына таратып берді: Мә саған Клайпеда, мә саған Вильнюс, поляктарға неміс жерлерін, украиндарға Львовты. Барлығын таратты, сондай мейірімді. Қазақстанға оңтүстік Оралды бере салды. Оған бәрібір еді, іші ашымады", - деді Жириновский.