Көзқарас

Масаншы оқиғасы Ұйғыр ауданына назар аудару керектігін көрсетті

Мәселе

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қордайдағы жағдайға қатысты әркім әртүрлі пікірлер айтуда. Қан төгіліп, жұртты дүрліктірген дүрбелең туралы біржақты ой айтудан аулақпыз. Үш-төрт, бәлкім он шақты дүңгеннің ақымақтығы мыңдаған адамның тұрып жатқан үйлерін тастап, Қырғызстанға босып кетуіне түрткі болды. Он адамның ажал құшуына да сол он шақты құтырған бұзақылардың әрекеті себеп болса керек.

Енді ниеті бұзық осы оншақты басбұзар қайдан шықты? Олардың ақсақалдың жамбасын сындыруға, ол аз болса, полицейлердің жағасына жармасуға дейін баруының астарында не жатыр? Оларды құтыртқан не күш?

Мұндай адамдардың пайда болуына сол өңірдегі, қала берді ауылдағы атмосфера әсер еткені хақ.
Мәселен, кешелі бері қазақша сөйлеген бір дүңген көрдік пе?... Жоқ. Бұл дүңгендердің қазақ мемлекетін, қазақтың мемлекеттік тілін менсінбейтінін көрсетеді. Қазақтың мемлекеті мен мемлекеттік тілін менсінбеген орта қарапайым халықты көзге іле ме?
Масаншы деген ауылда олар өз "мемлекетін" құрып алғандай өмір сүреді. Осыдан-ақ, дүңгендердің қазақпен аралас-құралас тұруға, бірге өмір сүруге құлықты емес екенін байқайсыз. Егер шынымен бейбітшілікті қаласа, қазақтың салт-санасына, тіліне, түсінігіне құрметпен қарауды үйренер еді, өздерінің кішкене ғана диаспора екенін мойындап, отбасындағы әңгімеде жергілікті ұлтты сыйлау керектігі туралы уағыздар көптеп айтылар еді.
Бұл, меніңше керісінше болған. Соның салдарынан да бұзақы топ білгенімізді жасаймыз деп ойлады. Олар қазақтың тілін, ойын, табиғатын білмегендіктен де қате басты. Сырт көзге момын болғанымен, бір көтерілсе, басылуы қиын ұлт екенін ойлаған жоқ.
Әрине, халық бекер ашынбайды. Олардың үні жоғары жаққа жетпегеннен, жергілікті атқамінерлер тізгінді тең ұстамағаннан кейін қантөгіс жасады. Сапарбаев бастаған комиссия екі жақты да дидарластырып, ортақ мәмілеге келудің орнына дүңген ақсақалдарын ғана тыңдап отыруы жағдайды тағы да ұшықтыра түсуі мүмкін.

Бұл тек дүңгендерге қатысты кеп емес. Мысалы, Алматы облысындағы Ұйғыр ауданында да осындай оқиға тууылуы әбден мүмкін. Мен жұмыс бабымен қазір баспаханаларға жиі барамын. Сонда алдымнан ұйғырдың әуесқой тарихшыларының шатпақ-кітаптары жиі шығады. Ол кітаптар бүкіл түркілерге ортақ тұлғаларды тек ұйғырға теліп, өздерінің ұлы ұлт екенін айтудан жалықпайды. Ұйғыр диаспора өкілдерінің дені, жазушы, жазғыш болып кетті. Ол жазбалардың артында "мемлекет құру" идеясы жатқаны анық.


Өздері кішкене ғана ауданда тұрады. Сөйте тұра бұл диаспора өз арасында мемлекеттік деңгейдегі идеология жүргізіп жатыр. Бұл идеологияның соңы қантөгіспен тәмамдалмасына ешкім кепілдік бере алмайды.

Бір елдімекенге бір диаспораның ғана топтаса орналасуының қандай қатерлі екенін Қордай оқиғасы анық көрсетті.
Енді Тоқаев билігі жылдам қимылдап, Ұйғыр мен Кеген аудандарын қосып, ауданға Әлмерек атын беру керек. Біріншіден, қазақтың батыры Әлмеректің аты ұйғыр диаспорасына елдің иесі кім екенін ұқтырып тұрады. Екіншіден, Кегенді Ұйғыр ауданына қосу арқылы Қарадала өңіріндегі қазақтардың санын арттыруға мүмкіндік бар.
Қазақстан тәуелсіздік алған 29 жылда ұйғыр диаспорасының қабағына қарап келді. Оларға барлық жағдайды жасады. Енді мемлекеттің қауіпсіздігі, шекараның беріктігі үшін бейбіт жолмен ауданның атын өзгерту керек.
Жоғарыда адам пиғылының өзгеруіне қоршаған орта мен атмосфера әсер ететінін айттық. Мемлекеттің иесі қазақ екенін ұқтыратын атмосфераны қалыптастырып бермесек, тағы қантөгіс болуы әбден мүмкін. Сондықтан, ұйғыр ауданының атын өзгерту дүрбелеңнің алдын алатын, қазаққа да, ұйғырға да пайдалы жол болмақ. Бұл мәселе еліміздің президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтің құлағына жетсе деген ниетпен Ерлан Қарин мен Берік Уәли ағаларымызды тектеуді жөн санадым.


Құрметпен, Қанат Әбілқайыр