Авторлық ертегі

Сиқырлы шаҺар (ертегі)

Авторлық ертегі

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Баяғы бір заманда  адамдар бай, кедей деп бөлінбей  барлығы тең, бірқалыпты өмір сүріпті. 

Қазіргідей емес, ақшаның орнына бір-біріне жылы сөздер айтып, есепсіз жақсылық жасап, әрбір істі шын жүректен жасайды екен. Адамдардың барлығы  өздерінің жан рахаттары үшін өмір сүріпті. Тұрғындар мекендеген шаhардың әсем табиғатын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес еді. Таудан аққан бұлақтың дауысының өзі сиқырлы сыңғырымен  адам жанын баурап алатын. Түрлі түске боялған сиқырлы мекен тұрғындары да  өз табиғатын аялап, күннен-күнге көркейe түсуіне үлес қосатын. Әлемдегі ең  дәмді жеміс-жидектер осы шаһарда өсетін, жеген адамның аузынан мәңгілік дәмі кетпейтін және  көңіл күйі көтерілетін. Ең  әдемі, ерекше жануарлар да бұл шаhарда мекендейтін.

Бір күні шаhарға бейтаныс бір  кісі келеді. Тұрғындар бейтаныс жанның шаршаған түрін көре сала барлығы көмек беріп, бірі ас, бірі киім беріп асты-үстіне түседі. Біраз уақыт өткен соң,әлгі кісі өзін халыққа таныстырады. Өзінің өзгелерден ерекше жан екендігін айтады. Сөйтсе, әйгілі сиқыршы екен. Қарапайым халық  таң тамаша болып, сиқыршының  сиқырын тамашалайды екен. Күнде думан, күнде тойға толы тұрғындардың көңілдері тоқ, еш уайымсыз бола түседі. Қонақжай  тұрғындар  бірте-бірте сиқырға алданып, күн демей, түн демей  сиқыршының жанына келіп қызық тамашалайды. Күнде үлде мен бүлдеге оранып, жағдайының жақсара түскенін көрген сиқыршының көңілі тарая түседі. Барлық қала тұрғындарының байлығының иесі өзім болсам  деген ашкөздік пайда болады.

Күндердің бір күнінде  сиқыршы  барлығына ерекше сиқыр көрсетемін деп, арнайы алып қамал салуын сұрайды. Барлығы бір кісідей жұмылып жеті күнде қамалдың құрылысын аяқтайды. Сиқыршы осыншалық  қысқа уақыт ішінде қала тұрғындарының  қамалды тез аяқтағанына, бес саусақтай  ажырамас бірлігіне таңқалады.

Көптен күткен ерекше сиқыр көрсетілетін күнде келіп жетті. Сиқыршы өз бөлмесінде сиқырлы сусын дайындап, шаhар тұрғындарының бірі қалмай келуін талап етеді. Алайда шаhар  шетінде тұратын Омар інісінің ауырып қалғандығынан қамалға сиқыр көруге  бара алмай қалады. Бір кезде сиқыршы қамалға кіріп барлығына қарап күледі. Сиқыршының күлкісінен күмәндана бастаған халық сұрақтар қоя бастайды. Алайда еш жауап қатпастан сиқыршы қамалдың есігін ашылмастай етіп бекітіп тастайды. Кілтті қалтасына салып қояды. Іштегі халық абыр-сабыр болып есікті бұзуға барынша күш салады. Алайдa құрылысы берік қамалдың есігін бұзу еш мүмкін болмады.

Қала тып-тыныш үнсіз күйге енеді. Омар мұндай тыныштықтан  сезіктене бастайды. Сондықтан  Омар інісі Оспанмен қамал жаққа барып келуді ұйғарады. Қала қаңырап бос қалған. Қамалға жетуге аз  қалғанда қамал ішінде шулаған халықтың  дауысын естиді. Қамал сыртында зұлым сиқыршы сиқыр қолданып, қандай да бір құйтырқы жоспары  жайлы  айтып, мәз болып тұр екен. Бiраз уақыттан соң сиқыршы кілемге мініп шаhар ішін аралауға кетеді.

Әлгі сиқыршы адамдардың көзін байлап, әрбір адамнан бір-бір жақсы қасиеттен ұрлап алған болатын. Бірінің дәулетін, бірінің адамгершілігін қалдырып, адамды алдайтын түрлі сиқырлы заттар тастап кетті. Балалар қалай да тұтқынға түскен достарын құтқару керектігін түсінді. Олар  сиқыршы шаhарды аралап жүргендігін пайдаланып сиқыршының үйіне барады. Ондағы көрінбейтін сиқырлы бас киімдерді киіп, сиқыршыға байқатпай кілтті алады. Алайда кетіп бара жатқан жолда Оспанның бас киімі түсіп қалып,сиқыршы оны байқап қояды.

Оспанды көре сала сиқыршы оны бірден тотықұсқа айналдырып жібереді. Балалар еш тоқтамай әрі қарай қамалға қарай жүгіреді. Қамалға келе салып есікті ашып барлығын тұтқыннан босатады. Барлығы үйлеріне қарай қашады. Екі жанары жасқа толған Омар інісінің қандай жағдайға тап болғанын айтады. Бірі өз қамын ойлап, балаларға көмектесуден бас тартады. Ал кейбіреулері көмектескісі келсе де, зұлым сиқыршыдан қорқып, көмектесе алмайтындығын айтады. Омар  қала тұрғындарының осынша өзгергенін көріп, олардан еш көңілі қалмай, керісінше осындай адамдарға айналып кеткеніне жандары ашиды. Сиқыршының үйіне келсе ол ұшып кеткен екен. Қала халқы өз үйлеріне оралып жаңа өмір бастайды. Бұрынғы әсем табиғат өз сұлулығын жояды. Ерекше жануарлар да бұл мекенді мәңгілікке тастап кетеді.

Сол күннен бастап шаhар тұрғындарының арасында ақша деген нәрсе пайда болады. Бай, кедей болып бөліну, мейірімсіздік сынды дүниелер пайда болады. Бұрынғыдай мейірім мен бақытқа толы күндерден мәңгілікке айырылады. Ал Омар Оспанның тотықұс қалпына қарап қатты қынжылады.

Алайда қазіргі таңға дейін бүкіл адам баласы сиқыршыны іздеуде. Бәлкім,бір күні сиқыршыны тауып, барлық адам  өзінің бойындағы құнды қасиеттерді қайтарып алар. Ақша, теңсіздік, әділетсіздік жойылып, дәл бұрынғыдағыдай жайма шуақ күн қайта келер.

Омар әлі күнге дейін сиқыршыны іздеп жүр. Ал Оспан  тотықұс болса да, Омардың сөздерін қайталап, өзінің бар екендігін сездіруде.

Бәлкім тотықұстардың  біздің сөздерімізді қайталауында үлкен мән жатқан шығар?