Weekend

«Ontustik startup-2020» жобасының жеңімпаздары анықталды

Жобалар туризм, IT, ғылым және техника, әлеуметтік жобалар, агро-бизнес бағыттары бойынша қабылданды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Шымкент қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұйымдастыруымен «Ontustik Startup-2020» үздік жобалар конкурсының ақтық туры өтті. Үміткерлерден өтініш қабылдау 15 қарашада басталған. 2 ай ішінде қаладағы жалпы білім беретін мектеп оқушыларынан 30-ға жуық жоба келіп түсті. Оның 10-ы финалдық турға жолдама алды.

- Жобаның бірінші және екінші кезеңінде ұйымдастырушылармен бірге барлық жұмыстың кемшіліктерін қарап шықтық. Жоба авторларына кем-кетігі айтылды. Бизнес жоспарларға қатысты мәселелер де болды. Зиянды жақтары, пайдалы тұстары, сату бағасы барлығы ескерілді. Өнертапқыштар ақтық кезеңге жұмыстарын түзетіп әкелді. Барлығын бүгін тыңдап шықтық. Барлығы қызық, инновациялық бағытта екен. Біз олардың арасынан бәсекеге қабілетті, нарықта сұранысқа ие болатын 3 жобаны таңдап алдық. Осындай конкурстар балалардың ғылыми-зерттеу дағдыларын дамытуға, қызығушылығын арттыруға көмек береді деп ойлаймын. Қазылар алқасының өздері қызығушылық танытып отырғандар болды. Оқушылардың жұмысына мемлекет тарапынан грант бөлінбеген. Сондықтан, инвестор тартуға болады. «Ақылды жылыжай» жобасын қолданысқа енгізуге болады. Бірақ, мамандармен ақылдасып, шаруа қожалықтарына орнату үшін біршама уақыт және көбірек қаражат қажет болады. Бие сүтінен жасалатын балмұздақты аз ғана қаражатпен бастауға да болады, - дейді Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Олжас Жансейітов.

Конкурстың басты идеясы өмірдің сапа стандарттарын жетілдіруге бағытталған өзекті, әлеуметтік маңызға ие және перспективалық бизнес бастамаларды қолдау және іріктеу, сондай-ақ, бизнес қауымдастық пен жоба авторларының қарым-қатынасын жетілдіруге бағытталған.

Конкурстың мақсаты - креативті және инновациялық идея мен жобаларды іздеу, жасөспірімдерді пайдалы және рентабельді идеяларды ойлап табуға қолдау көрсету, жас әрі инновациялық жасөспірімдерді тәрбиелеу болып табылады.

Әділ қазылар алқасының шешімі бойынша Шымкент қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Ендібаева Аружан мен Елшібай Алияның «Бие сүтінен балмұздақ жасау» жобасы І орынға лайық деп танылды.

ІІ және ІІІ орынды Ы. Алтынсарин атындағы № 65 мектеп – гимназиясының оқушылары өзара бөлісті.