Көзқарас

Ерлан Қарин: Билік бар ақпаратты ашық, бүкпесіз әрі дереу жариялап отыр

Заң бәріне бірдей

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

ҚР Президентінің көмекшісі Ерлан Қарин Қордайдағы жағдайға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жамбыл облысы Қордай ауданыңда болған жағдайларға бәріміз де алаңдап отырмыз. Жағдайдың оңай емес екенін мойындауға тура келіп тұр. Ең алдымен, оқиға салдарынан қаза тапқан азаматтардың туыстары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтамын. Бір мемлекеттің азаматтары бейбіт күнде құрбан болуы бәріміздің де жүрегімізге ауырып тиіп отыр. Өздеріңізге белгілі, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оқиғалар орын алған сәттен бастап бірден жағдайды тікелей өз бақылауына алып, құзырлы органдарға тиісті тапсырмаларды берді. Қазіргі уақытта мемлекет басшысының тапсырмасымен шұғыл құрылған Үкіметтік комиссия оқиға орнында өз жұмысын бастап кетті. Билік органдары бар ақпаратты ашық, бүкпесіз әрі дереу жариялауда, мемлекеттік ақпарат құралдары да елді барынша жедел, нақты және шынайы ақпараттармен қамтамасыз етуде», - деп жазды Ерлан Қарин әлеуметтік желіде.

Оның сөзінше, желіде азаматтар негізінен оқиға салдарын анықтау барысында қаншалықты әділетті баға беріледі деп сұрақ қоюда. Дегенмен, кінәлілер тиісті жазасын алады. Бұған ешкімнің де күмәні болмауы тиіс.

«Заң бәріне бірдей. Қазір, ең бастысы бұл трагедия басқа да жағдайларға ұласып кетпеуі тиіс. Дау шығарып, қан төгумен ешқашан да, ешқандай да мәселе шешілмеген, шешілмейді де. Бұл жағдай елдігімізге де, мемлекеттілігімізге де үлкен сын. Сондықтан ресми ақпаратқа жүгініп, үкіметтік комиссияның жұмысының нәтижелерін күтейік», - дейді Президент көмекшісі.