Көзқарас
Жаңа технологияны орнымен қолданып жүрміз бе?
ХХІ ғасыр жаңа технологиялар заманы деуге болады. Қазіргі таңда ұялы телефонсыз, компьютерсіз жұмыс жасау мүмкін болмай бара жатыр.
Еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін заманға бейімделіп алған. Біз оларды айыптай алмаймыз. Себебі қоғам жаңа технологияны қолданудан басқа амал қалдырмайды. Егер бір күн ұялы телефонсыз, интернет желісін қолданбай жүріп көрсеңіз, өзіңізді барлық жаңалықтан құр қалғандай сезінесіз және сол дүниеге тәуелді екеніңізді түсінесіз.
Ұялы телефон немесе жұмыс барысында қажетті компьютеріміз бара-бара қолданыстан шығып қалуы да ғажап емес. Себебі барлық бағдарлама жадына жүктелген, кез келген бағытта, кез келген тілде жұмыс жасайтын роботтар көбеюде. Тіпті, адамның пікірін білдіріп, талқыға салып, халыққа ақпарат ұсынатын журналистика мамандығында да робототехникалар жұмыс жасай бастаған. Әрине бұл әлдеқайда дамып кеткен, жаңа технологияға бой үйретіп алған мемлекеттерде болып жатыр. Бірақ осы роботтардың адам орнына жұмыс жасауы тоқтамаса адамдар арасында жұмыссыздық белең алуы мүмкін деп ойлаймын.
Робототехника болмаса да, өзге жаңа технологиялардың арқасында адамдар өз беттерімен әрекет етуді ұмытып бара жатқандай. Мысалы, соңғы жылдары шыққан токпен жүретін самокаттар адамдарды тіптен еріншек қылып жіберді деуге болады. Одан бөлек тұрмысқа қажетті заттарды да айтуға болады. Ыдыс жуатын машина да тұрмыстық заттардың арасындағы соңғы жылдардағы жаңа технологиялар қатарына жатады.
Айтылып отырған жаңа технологиялардың кез келген нәрсенің екі қыры болатыны секілді, оң әсері де, теріс әсері де бар. Қоғамға теріс әсерінің болу ықтималдылығын жоғарыда айтып өттім. Ал оң әсері, смарт технологияның болуы мен қалыптасуы университеттерде және ондағы білім беру бағдарламаларында өте пайдалы. Бұл бағытта студенттер дами алады, жаңара біледі.
Мен жаңа технологиялар заман талабына сай пайда болып, дамуына деген көзқарасым теріс деп айта алмаймын. Тек, санамда «жаңа технологияларды орнымен пайдалана білмесек, еріншек, бейберекет қоғамға айналып кетпейміз бе?» - деген сұрақ сайрап тұр.