Көзқарас
Қордайдағы оқиға
7 ақпан. Барлық мұсылмандар үшін қасиетті Жұма күні.
Бейбіт күнде Жамбыл облысының Қордай ауданы, Масанчи ауылында 10 адам қаза тапты, 41 адам жараланып, 176 адам медициналық көмекке жүгінді.
Елді шулатқан мәселенің себебі - Қазақстан Республикасының азаматтарының арасындағы қақтығыс. Иә, мұсылман бауырлардың қасиетті күні бірін-бірі түсініспеушілігі.
Бұл оқиғадан тек бір жақ қана пайда көрді, олар ел арасына іріткі салушылар. Олар бұл жанжалды сәтті түрде ұлтаралық қақтығысқа әкеліп тіреді. Жергілікті халықты да, сырттан бақылаушыларды да соған сендірді. Қиын қыстау заманда бір үзім нанды бөлісіп жеген ұлттың бірлігін бір сәтте жоққа шығарды.
Бұған кім кінәлі? Кейбіреулер жағдайды дер кезінде бақыламаған әкімді кінәласа, кейбірі Халықаралық Ассамблеяның жұмысының нашарлығынан көрді.
Осы оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде "Қазақстанда қытай мейрамханаларын, үйлерін коронавирусқа қарсы өртеп жатыр" деген фейк ақпараттар тарай бастады. Тіпті, бұл жалған ақпаратты "Аль-Джазира" сынды әлемдік БАҚ та жариялады. Яғни, әлем алдында Қазақстанға деген көзқарасты "Бораттың" деңгейіне тағы түсірді.
Кішкентайымыздан «қазақ деген қонақжай халық, бауырмал халық, көпұлтты мемлекет» деп мақтанып айтушы едік, бүгіндері ашығын айтсақ, осы сөздерді қаншалықты көкірекпен айта аласыз? Қонақжай деген атымыз болмаса затымыздан түкте қалмады ғой, бір мемлекетте бауырлас ұлттарды сыйдыра алмасақ мұсылмандығымыз қайда қалды? Біреуді жақтап, біреуді даттаудан аулақпын, алайда қазақ болып жамандап жатырған дүнген ұлтынан Қазақстанның көк туын әлемдік аренада желбіреткен,әнұраныңды айқайлай шырқаған Зульфия Чиншанло,Майя Манезалардың шыққанын білесіз бе? Олар алтын алғанда қалай қуандық? Сонда бізге өзге ұлт өкілдері тек олимпиададан орын алса ғана жақын ба?
Бұл күн - мемлекет үшін қаралы күн. 10 адамның өлімі,аңырап қалған әйелдер, жартылай жетім қалған балалардың көз жасы.
Қонақжай халқымның ақ көңіліне қара түскен күн.
Қайран, "қазақ осы - қарасың ба, ақсың ба, қоңырсың ба, жатырқауды білмейтін" деп жырлаған Қадыр атамның сөздері-ай. Бес күндік жалғанда бірлікте өмір сүргенге не жетсін...
Әлемде тыныштық болғай!