Көзқарас
Қордаланған Қордай...
Айдың-күннің аманында Қордайда қақтығыс болды деген ақпарат жаға ұстатарлық жаңалық болды. Бір емес 10 адамның осы бір қақтығыстан қаза тапқаны қалың елді қынжылтты. Әлі 14 адам жансақтау бөлімінде жатыр. Осыншама қатыгездіктің себебі қандай?
Жай ғана жаға-жыртыс төбелестен мұншалықты зардап болуы мүмкін емес. Бүгінде зардап шеккендердің саны 165-ке жеткен. Сонымен қатар, 30 дан астам жеке тұрғын үй, 31 сауда нүктесі мен 48 көлік қираған. Бұл бүлікшілік тұрмыстық жағдайдың әсерінен болған деседі ақпарат көздері. Шынтуайтына келгенде, Масанчи ауылында төбелес шығарған 70-тен аса азаматтарды видеоға түсіріп, әлуметтік желі арқылы таратқан. Соның салдарынан өзге ауылдардан да ашуға берілген батыр сымақтар қосылып, арты қазамен аяқталды. Қаншама өзге ұлт өкілдерін бауырына басып отырған қазаққа дүнгендердің дүбірлеуі айтқан алғыстары болғаны ма?
Аталмыш оқиғадан кейін ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше шенеунікті жылы орнынан босатты. Олардың ішінде Жамбыл облысының әкімі А.Мырзахметов, облыс әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары С.Құрманбекова мен Қордай ауданының әкімі Б.Байтөле мырза да бар. Сонымен қатар, Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы А.Оразалиев пен Қордай аудандық полиция бөлімінің бастығы А.Айқымбеков те лауазымды қызметімен қоштасты. Бірақ бұл шешім қазақ бауырлары үшін жан тапсырған ерлерді қайтара алмайды және олардың артында көздері жасқа толып, жүректері қан жылап қалған туған-туыстарына жеңілдік әкелмейді...
Әр шаңыраққа қайғырып көңіл айтамын...