Қоғам

Сириядағы қазақтардың жай-күйі қандай?

Исламға күйе жағушылар көп

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Соңғы кездері жаханда «Жиһад» сөзі жиі айтылатын болды. Арабтың бұл сөзіне біздің қазақтың құлағы да үйренді. 

Бірақ байыбына бармай жатып «жиһад» сөзін естіген жан ат тонын ала қашатын деңгейге жеттік. Себебі исламға күйе жағушылар мен әсіре діншілдер бұл сөзді соғыспен байланыстырып қойды.

Жиһад сөзінің мағынасы — ислам дінінде Алла жолында тырысу, әділдікке шақыру, залымдарды зұлымдық істеуден тоқтату және әділетсіздікке қарсы күрес. Дәл осы сөз Құран Кәрімде 41 рет кездеседі.

Жиһад — мұсылман қауымының ең басты міндеттерінің бірі, исламның таралуы мен салтанат құруы жолында барлық күші мен мүмкіндігін сарқа жұмсау. Алғашқыда Жиһад сөзі мұсылман мемлекеттерінің әскери іс-қимылы деген ұғым берді. Ұлт-азаттық қозғалысы кең өріс алған кезеңде Жиһад идеялары отаршылдыққа қарсы күресті күшейте түсу үшін пайдаланылды. Қазіргі кезде ислам ғалымдары Жиһадтың қорғаныстық сипатын ерекше атап көрсетеді және исламды тарату мен орнықтыруды бейбіт жолмен жүргізуге болатындығын тұжырымдайды. Сондай-ақ, Жиһад ұғымы мұсылмандарды исламды қорғауға жұмылдыратын күш ретінде түсіндіріледі.

Қазіргі таңдағы жалған ақпараттың кесірінен «жиһадты» қару алып соғысу деп біржақты түсінеді. Ал исламтанушылардың айтуынша, жиһад – ең әуелі өзіңді түзету, нәпсіңмен әрдайым үздіксіз күресу. Кең ойламай, кем ойлайтын қандастарымыз тар түсініктің шырмауынан шыға алмай, қолдарына қаруын алып, шекара асып кетіп жатыр.

Болжам бойынша, ең алғаш елдің Сирияға ағылуы 2010 жылдардан бастау алған. 2014 жылы олардың саны 300-ге жетсе, қазіргі таңда 1000-нан асып жығылады. Бәрінен бұрын сол адамдардың тең жартысы балалар екені көңілге қаяу салады. Қаза тапқандары қаншама?!  Ал, ең өкініштісі, Сириядағы қазақтар бірін – бірі өлтіре бастады. Бұған дәлел оқиға, 6 қазақстандық әйелдің Сириядан кетіп, Түркияға өтпек болғаны. Алайда оның үшеуі ақшаның жоқтығынан және басқа амалы қалмағандықтан жанындағы үшеуін өлтіріп тастаған. Оның бірі 7 жасар бала. Олардың жинаған ақшасын алып, «Халифаттан» қашпақ болғанда қолға түседі. Кейін үш әйелді де өлім жазасына кескендігі белгілі болды.

Сириядағы қазақтарды атақонысқа қайтару үшін біраз тер де төгілді. Қазақстан «Жусан» операциясы шеңберінде Сириядан 595 азаматты елге қайтарды. Оның 30-ы ер адам, 137-сі әйел, 395-і бала, 33-і тұл жетім балалар. 10 ер адам мен 5 әйел елде тыйым салынған «Ислам мемлекеті» террористік ұйымының әрекетіне қатысу фактісі бойынша әртүрлі мерзімдерге сотталды. Тағы 14 азаматтың ісі сотта қаралып жатыр.     

Әлі де Сирия жерінде қалып қойғандарды Сыртқы Істер Министрлігі мен Ұлттық Қауіпсіздік Комитеттері Ливан және Түркия елдері арқылы қайтарып алуға тырысып жатыр. Олар елге оралар, бірақ, шешілмеген мәселе көп. Сергелдеңде жүрген жерлестеріміз үшін бастысы Сириядан шығу емес, соқыр сенімнен алшақтау болып тұр.