Көзқарас
Өмірді түсінген күн
«Адам өмірінде маңызды екі күн бар: бірі – дүниеге келген күнің болса, екіншісі – не үшін келгеніңді түсінген күн» дейді Марк Твен.
Өмір дегеніміз не? Бұл маңызды сауал көптеген адамдардың көкейінде сарнап тұрғаны белгілі. Әркімнің қалыптасқан ой-санасы, дүниетанымы жеке дара болғандықтан, өмір жайлы таусылмас сан-қилы пікірлер бар. Соның ішінде, жақын достарымның дүниеге деген көзқарастарын білгім келіп, осы сұрақты қойдым. Бірі өмірді басына қонған бақ деп санаса, ал екінші бірі адам баласына берілген үлкен сынаққа балады. Кейбірі өмірді шектелген уақытқа теңеп, сол аралықта айналаңа жақсылық жасап үлгеру керектігін айтты.
Расымен де, өмір – тал бесік пен жер бесік арасындағы қамшының сабындай қысқа өте шығатын бағалы әрі қымбат уақыт. Осы уақытты әрбір пенде қалауынша жұмсай алады. Дегенмен, өз еркім екен деп, тым шектен шығып, пайдасыз, зиянды әрекеттерге барудың да қажеті жоқ дер едім. Керісінше, қоршаған ортаңа қуаныш сыйлау арқылы, көздеген мақсатыңа жетіп, өз бақытыңды таба білуің ғажап емес пе?!
Өмірді үлкен теңіз деп алатын болсақ, ұлан-асыр болып жатқан, шегі жоқ бұл теңізде адам атаулы өздеріне сай даярланған кемелерін табуға тиіс. Сол арқылы алдынан қандай кедергі шыққанына қарамастан, тайсалмай теңізді жүзіп өтуі шарт. Ал қиыншылықтардан өте алмаған жандар терең тұңғиыққа батып кете барады. Яғни, бұл дүниеде адам баласы ешқандай кедергіге мойымай, оны бұзып өтіп, еңсесін тік көтеріп, өз бақытына қарай қадам жасауға тиіс. Ең бастысы, өлшенген уақыт аралығында өткеніңе қарап өкінбейтіндей, келешегіңе қарап алаңдамайтындай жағдайда өмір сүру маңызды деп ойлаймын.