Ұлттық құндылық - ұлт болмысы

"Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ұлттық құндылық дегеніміз - әр ұлттың тек өзіне тән мәдениеті, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, өнері, әдеби мұрасы, ұлттық ойындары, ұлттық идеологиясы. 

Біз ұлт болып әлем аренасында сақталып қалуымыз үшін өзіміздің мәдениетімізді, тілімізді, рухани құндылықтарымызды сақтай білуіміз керек. Осы орайда елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру" бағдарламасын тілге тиек етпесек болмас. Руxани жаңғыру бағдарламасы қазіргі таңда Қазақстанға, қазақ еліне өте тиімді, керек бағдарлама. Себебі, қазіргі қоғамда нағыз қазаққа тән қасиеттер азайып барады. Соның бірі - ер жігіттердің шаш бояп, сырға тағуы, қаракөз қыздарымыздың етегін ашып, ұяттан безуі. Әрине, бес саусақ бірдей емес. Бірақ қынабынан қылышын суырып, елім деп еңіреген ұлдардың ұрпақтары мұндай болуы тиіс емес. Ар-ұятын, салт-дәстүрін, қазақи мәдениетін сақтап келген, отбасының ұйытқысы бола білген, бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен ақжаулық аналарымыздан туған ұрпақ шетелге еліктеушілікпен бұзылуға тиіс емес! Руxани жаңғыру бағдарламасының ұлттық сана, ұлттық код, ұлттық бірегейлікті сақтау, прагматизм бөлімдері дәл осы болашақта ұлтымыздың майдаланып кету қаупін шешуге, ұлттық құндылықтарымызды сақтап қалуға арналған.

Дана халқымыз "Ел болашағы - жастардың қолында" деп бекер айтпаған.

Біз тәуелсіз елдің өскелең ұрпақтары ұлттық құндылығымызды сақтап қалу үшін не істей аламыз? Қазақ тілін бірінші орынға қойып, ұлттық құндылығымызды дәріптеп, бойымызға сіңіріп, болашақ ұрпаққа жеткізу арқылы сақтап қала аламыз.

Біз қазақ - талай қиындықты бастан кешірген, талай мықтыларды құлатқан, ең бастысы ұлттық құндылығымызды сақтап қалған ұлтпыз! Америка сияқты экономикасы асқақтап тұрған алпауыт мемлекеттер қазақ сияқты бола алмайды, біздің елімізге қызығушылықпен қарайды. Себебі, бізде ұлт бар, ұлттық құндылықтарымыз, ұлттық патриоттық сезім, ұлттық рух бар!

Қорытындылай келе, халық саны аз мемлекеттерді ұлттық құндылықтарынан айыру арқылы жер бетінен жойып жіберу саясаты жүріп жатқан қатігез заманда, ата-бабамыздың аманатына айналған ұлттық құндылығымызды, ұлттық бірегейлігімізді сақтап қалу- бізге артылған міндет. "Өткеннің өнегесі - бүгінгінің баға жетпес байлығы» екендігін естен шығармай, мәдениетімізді терең зерделеу арқылы "Мәңгілік ел" алатынымыз хақ.