Семейге республикалық маңызы бар қала мәртебесі беріле ме?  - на bugin.kz
Bugin.kz - на bugin.kz Bugin.kz

Үкімет басшысының жауабы

Қазақстан Үкіметі Семей қаласына ерекше тарихи орталық мәртебесін беру мәселесін пысықтайды. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына берілген ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің жауабында айтылған. 

«1997 жылы Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы 23 мамырдағы № 3528 Жарлығына сәйкес Семей облысы Шығыс Қазақстан облысының аумағына қосылған болатын. Семей қаласының аумағы 27,8 мың ш.м құрайды (2 кенттік және 32 ауылдық елді мекен бар). 2019 жылғы 1 қарашада халық саны 349,9 мың адам болды. Шекара аумағы бұрынғыдай ал орталығы Семей қаласында болатын жаңа әкімшілік-аумақтық бірлік құру және республикалық маңызы бар қала мәртебесін беру елеулі бюджет шығындарына алып келеді. Оның ішінде: қала әкімінің, қалалық мәслихат аппараттарын, қала басқармаларын, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерін құруды және ұстауды; құрылатын мемлекеттік органдарды жабдықтауды (әкімшілік ғимараттарды салу және жалға алу, жиһаз, қызметтік көлік, компьютерлік, кеңсе техникасын және басқаларды сатып алу) керек етеді. Бұған қоса мемлекеттік ұйымдардың, мекемелердің және кәсіпорындардың филиалдарын құру қажет болады», – деді Үкімет басшысы.


Асқар Маминнің атап өтуінше, қаражатты әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға, шағын және орта бизнесті қолдауға, елді мекендерді абаттандыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға жұмсау неғұрлым тиімді. Бұл қаланың дамуына серпін береді. Мәселен, бүгінгі күні Семей қаласының және оның әкімшілік аумағының әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. Семей қаласының бюджеті ағымдағы жылы 2018 жылмен салыстырғанда 48 пайыз, 2014 жылмен салыстырғанда 2,8 есе өсіп, 66,4 млрд теңгені құрады. Қаржыландыру көлемінің айтарлықтай ұлғайтылуы қаланың әлеуметтік саласын, сондай-ақ инфрақұрылымын дамытудағы негізгі мәселелерін шешуге мүмкіндік берді. Жолдардың жай-күйін жақсартуға үлкен көңіл бөлінген. Соңғы екі жылда 58 шақырым автомобиль жолына жөндеу жұмыстары жүргізілді. 

Қазақстанның Даму банкімен бірлесіп, «Семей қаласының қоғамдық көлігін жаңарту» жобасы бойынша 170 жаңа автобус сатып алынды. Қаланы және оның бюджеттің 4-деңгейіне өткен 6 ауылдық округін абаттандыруға 2019 жылы шамамен 1,7 млрд теңге бөлінді. Су құбыры желілері бар «Затон» су тоғанын реконструкциялау аяқталып, Тихомировская тармағы маңайында Ертіс өзен арқылы өтетін кәріз дюкерін, Степной кенті су құбырын және Мұқыр ауылында су құбыры желілерін қайта құру жұмыстары басталды. Семей қаласында көпфункционалды мәдени-спорт кешенінің құрылысы аяқталды. Еуропалық қайта құру және даму банкімен қаланың сумен және жылумен жабдықтау жүйелерін, қаланың көшелерін жарықтандыруды жаңғырту бойынша 3 жобаға кредиттік шарт жасалып, іске асырылуы басталды. Тұрғын үй құрылысы аясында 2019 жылы 12 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 695 отбасын баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік тудырды. Бұдан басқа ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың Шығыс Қазақстан облысына сапарының қорытындылары бойынша берілген тапсырмасына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 8 қаңтардағы № 742 қаулысымен Шығыс Қазақстан облысының Семей қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді. Бес жылдық жоспарда тұрғын үй құрылысын дамытуға, сумен және жылумен жабдықтау жүйелерін, автомобиль жолдарын, қоғамдық көлікті, әлеуметтік объектілерді (мектептер, балабақшалар, ауруханалар, спорттық модульдер және т.б.) жаңғыртуға 260,2 млрд теңге сомаға 56 іс-шараны іске асыру көзделген. Сонымен қатар Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында облыстық мәслихат сессиясының 2019 жылғы 5 қарашадағы № 34/385-VI шешімі негізінде Семей қаласының 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы бекітілді. Стратегия орта мерзімді кезеңге жоспарлауды, қала аумағын дамыту бағдарламаларын, әлеуметтік-экономикалық даму болжамдарын, кешенді даму жоспарларын, бас жоспарын, сондай-ақ қала аумағын жинақы салу жоспарларын қалыптастыру үшін негіз болып табылады.


«Бүгінгі таңда Үкімет пен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі қабылдаған шаралар семейліктердің өмір сүру сапасын айтарлықтай жақсартуға және оның одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуы мен өзін-өзі қамтамасыз етуі үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына сәйкес Үкімет Семей қаласына ерекше тарихи орталық мәртебесін беру мәселесін пысықтайтын болады. Жоғарыда айтылғандардың негізінде бүгінгі күні Семей қаласына республикалық маңызы бар қала мәртебесін беруді мезгілсіз деп санаймыз», – деді Асқар Мамин.

ҚазАқпарат


0 Пікір Кіру