Жемқорлық туралы хабарлау: Қазақстандықтар қандай жағдайда 10 миллион теңге  алады? - на bugin.kz
Bugin.kz - на bugin.kz Bugin.kz

Түзетулер ресми түрде 15 ақпанда күшіне енеді

Жемқорлық туралы хабарлаған адамдарға сыйақы төлеу қағидалары түсіндірілді. Түсіндіру шараларын ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жүргізді.

2020 жылы 4 ақпанда ҚР Үкіметінің қаулысымен Сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған адамдарды көтермелеу қағидаларына өзгерістер енді.

Әкімшілік-құқықтық департаменттің бас сарапшысы Ерік Бишібековтің айтуынша, параның, келтірілген залалы немесе көрсетілген жеңілдіктер мен қызметтердің сомасы 1000 АЕК аспайтын болса, онда сыйақы көлемі бұрынғы тәртіпте 30-100 АЕК аралығында қалады. Ал егер пара сомасы 1000 АЕК асса, онда сыйақы осы аталған соманың немесе құнның 10 пайызын құрайды. Ол бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюрода өткен брифингте айтты.

Сонымен қатар спикер мысалы да келтірген еді. Оның айтуына қарағанда, 5 млн теңге пара беру фактісі туралы құқық қорғау органдарына хабарлама түссе, хабарлаған адамға осы соманың 10 пайызы, яғни 500 мың теңге төленеді. Ал «Бұрынғы көтермелеу жүйесі бойынша дәл осы қылмыста 500 мың теңгенің орнына 135-185 мың теңге сыйақы беріліп келген. Бұрын қолданып келген көтермелеу жүйесі бойынша сыйақының ең жоғары сомасы 265 мың теңге (100 АЕК) болған.

Айта кететін жайт, хабарланған жемқорлық фактілері шындыққа сай болғанда ғана сыйақы төленеді. Сыйақының ең жоғары мөлшері 10 600 000 теңге көлемінде белгіленіп отыр.

Бишібеков сыйақының бірден берілмейтінін де ескертті. Оның айтуынша, бірінші қылмыстық іс қозғалады. Соттың айыптау үкімі күшіне енген соң, сыйақы төлеуге заңды негіз пайда болады. Содан бастап, 15 күн - 1 ай аралығында сыйақы төленеді. Бұл сыйақы барлық азаматтарға бірдей беріледі. Тіпті шет елдердің азаматтарына да осы қағида қолданылады. Оның айтуына қарағанда, олар да қылмыс фактісі туралы хабарлап, қаражат ала алады.

Аталмыш түзетулер 15 ақпанда күшіне енеді және ақпарат берген тұлғалар мемлекет қорғауында болады.

0 Пікір Кіру