Шолу
Жемқорлыққа байланысты ұсталғандар мен үкім шыққан адамдар
Ақмолада аудандық мәдениет үйінің директоры сотталды
Ақмола облысында аудандық мәдениет үйінің директоры жемқорлық үшін сотталды. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Бірінші департаментінің аға тергеушісі Данияр Бекайдаров айтты.
Данияр Бекайдаровтың айтуына қарағанда, Ақмола облысының Сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметі «Есіл ауданының мәдениет үйі» МКҚК директоры А.Әбдіғапароваға қатысты бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. Ол 888 мың теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді.
Оның айтуынша, қаражат жымқыру мәдениет үйінде жұмыс істемейтін қызметкерлерге жалақыны заңсыз аудару жолымен жасалған.
Аға тергеуші Д.Бекайдаров 2020 жылдың 12 ақпанында Есіл аудандық сотының үкімімен А.Әбдіғапарованың кінәлі деп танылып, 2 жылға бас бостандығынан айырылғанын айтты. Сонымен қатар оның жазасын қауіпсіздігі төмен түрмеде өтейтінін де ескертті. Сонымен бірге, әйел мемлекеттік қызметте лауазымды қызметпен айналысу құқығынан айырылған болатын.
Жетісай әкімінің орынбасары парамен ұсталды
Түркістан облысы Жетісай қаласы әкімінің орынбасары сыбайлас жемқорлық күдігімен ұсталды. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Бірінші депаратментінің аға тергеушісі Данияр Бекайдаров айтты.
Оның айтуынша, Түркістан облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Жетісай қаласы әкімінің орынбасарына қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. Әкімнің орынбасары жергілікті тұрғыннан шағын және орта бизнес жүргізуге жер телімін бергені үшін 530 мың теңге пара алды деп айыпталып отыр. Тергеу жұмыстары жалғасуда. Күдіктіге қатысты нақты шешімді сот шығарады.
Жамбылда кәсіпкерден пара алған шенеунікке айыппұл салынды
Жамбыл облысында әкім аппаратының арнайы базасының бұрынғы басшысы сотталды. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Бірінші депаратментінің аға тергеушісі Данияр Бекайдаров айтты.
Оның айтуына қарағанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Жамбыл облысы әкімі аппаратының арнайы базасы» ММ бұрынғы басшысы Қарағұловқа қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. Ол әскерге шақырылғандарды ыстық тамақпен қамту бойынша мемлекеттік сатып алу келісімшарттарын бекітуге және жалпы қамқорлығы үшін жеке кәсіпкерден 350 мың теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінген.
2020 жылы 11 ақпанда Қарағұловқа 4 млн 200 мың теңге айыппұл салынды. Сонымен қатар ол өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазымды орындарда жұмыс істеу құқығынан айырылды.
Атырауда әйелдер колониясының басшысы ұсталды
Атырауда әйелдер колониясының басшысы мен бас есепшісі ұсталды. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті хабарлады.
Атырау облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты УГ-157/11 түзеу мекемесінің (әйелдер колониясы) бастығы мен бас есепшісі қарамағындағы қызметкерлерден сыйақы мен ынталандыру төлемдерінің бір бөлігін бірнеше мәрте алған.
Олардың хабарлауынша, ҚР қылмыстық кодексінің 366-бабының 3-бөлігі 1, 2, 4-тармақтары ("Пара алу") бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып кеткен.
Әзірше Атырау қаласында ұсталғандар қамауда ұсталады.
Сонымен қатар дәлелдеме базасын бекіту бойынша тергеу іс-шаралары жалғасып жатыр.